Ашық НҚА порталында Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы бірлескен бұйрық жобасын жария талқылауға шығарды.
«Автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытпен көзделген бензин бактарында жанармайды әкетуді қоспағанда, бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00) Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», делінген құжатта.
Құжатқа сәйкес, бұйрықтың мақсаты – тауарларды автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытта көзделген стандарттарға сәйкес келмейтін бензин бактарында әкету жағдайларына жол бермеу, деп көрсетілген.
Бұйрық «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңның талаптарына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың баптарына сәйкес әзірленген.