Жаңалықтар

Ғалымдар Аграрлық университетке тиесілі активтерді қайтаруды сұрайды

Фото: kaznaru.edu.kz

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерді.

2023 жылдың 31 мамырында ҚазҰАЗУ мәжіліс залында кеңейтілген ғылыми кеңес өтіп, онда білім ордасының ғалымдары университет есебінен орынсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесін талқылаған.

Ғылыми кеңестің негізгі мәселесі бойынша Басқарма төрағасының орынбасары – ҚазҰАЗУ ректоры Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы баяндама жасаған. Университеттің инфрақұрылымын дамыту мәселелері және оларды шешу жолдары туралы баяндаманы талқылау барысында оқу орнының иелігінен шығарылған активтер туалы мәселе көтерілген.

Шығарылған активтер құрамында 1000 орындық 3 студенттік жатақхана, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метрді құрайтын 5 оқу-зертханалық корпус, жалпы алаңы 1,8 га болатын жаттығу-спорт кешені бар 1 стадион, жалпы ауданы 700 шаршы метр болатын әкімшілік ғимараттар мен басқа да жылжымайтын мүлік объектілері бар.

Сонымен бірге аумағы гектармен өлшенетін жер учаскелері де университет меншігінен жеке меншікке өтіп кеткен. Мәселен , жалпы ауданы шамамен 5 гектарды құрайтын университет ғимаратының жанындағы жер учаскелері мен 12 га болатын Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің оқу-тәжірибе шаруашылықтарына қажетті жер аумағы да білім ордасының есебінен шығарылған.

Бұдан бөлек университет сайтында оқу орнының иелігінен ертеректе шығарылған жылжымайтын мүлік тізімі де жарияланған.

  1. Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 176 мекенжайында орналасқан Агрономия факультетінің студенттік жатақханасы тұрғын үйге айналдырылған және жеке тұлғалармен жекешелендірілген.
  2. Алматы қаласы, Абай даңғылы 30 мекенжайында орналасқан жалпы ауданы 4047 шаршы метрді құратын «Зооинженерия» факультетінің студенттер жатақханасы;
  3. Алматы қаласы, Абай даңғылы 26А мекенжайында орналасқан жалпы ауданы 10 431 шаршы метр болатын «Зооинженерия» және «Ветеринария» факультеттерінің оқу-зертханалық ғимараттары;
  4. Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Сәтбаев көшесі 7А мекенжайы бойынша орналасқан жалпы алаңы 1684,6 шаршы метрді құрайтын «Зооинженерия» факультеті студенттер жатақханасының бір бөлігі мен оған тиесілі 0,3076 га құрайтын жер телімі бар;
  5. Алматы қаласы, Абай даңғылы 8А мекенжайында орналасқан жер учаскесі бар бұрынғы «Ауыл шаруашылығын электрлендіру» факультетінің оқу ғимараты. Мемлекеттік мүлікті сату-сатып алу туралы No2032 келісім шарт 2001 жылы 14 желтоқсанда жасалып, оған сәйкес жер учаскесі «Халықаралық бизнес университеті» ЖШС меншігіне өткен.
  6. Ауданы 997,5 шаршы метрді құрайтын бұрынғы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетінің оқу ғимаратының бір бөлігі мен 0,0388 га болатын жер телімі. Бұл жер Алматы қаласы, Абай даңғылы 8-8 г мекенжайында орналасқан. 2001 жылдың маусым айында N1963 мемлекеттік мүлікті сату-сатып алу шарты бойынша Қазақстан Республикасы «Үстел теннисі федерациясының» меншігіне өткен.
  7. Спорттық жаттығу ғимараты бар стадион. Оның ауданы 1206,0 шаршы метрді құрайды, ал іргелес жер телімінің аумағы 1,8051 га. Алматы қаласы, Абай даңғылы, 28 мекенжайында орналасқан университет нысаны 2007 жылы сенімгерлік басқаруға беріліп, кейін «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС меншігіне өткен.
  8. «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС меншігіне сонымен бірге Алматы қаласы, Абай даңғылы, 8 мекенжайы бойынша орналасқан жер телімі 0,3083 га құрайтын әкімшілік ғимараттар да 2006 жылғы 20 қарашасында өткен.
  9. Дәл осы уақытта Алматы қаласы, Абай даңғылы, 28 мекенжайында орналасқан оқу-әкімшілік ғимараттарының, аяқталмаған құрылыс нысандары мен аумағы 0,9051 га болатын жер телімі де осы жауапкершілігі шектеулә серіктестік құрамына өткізілген.

Сонымен бірге университет аумағында «РАМС-Қазақстан» ЖШС 2021 жылы көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастаған. Бұл заңсыз құрылысқа жақын маңдағы үй тұрғындары мен оқу орнының оқытушылары мен студенттері қарсылық білдіріп, нәтижесінде Алматы қаласы әкімінің шешімімен құрылыс тоқтаған.