«Алтын Орда» базарының жұмысын қадағалайтын мобильді топ құрылады

Жарияланды
алтын орда
Фото: Primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Алтын Орда» базарында анықталған барлық заң бұзушылықтарды жоюды тапсырды.

Әлихан Смайылов Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктері, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомство басшыларымен арнайы кеңес өткізіп, республикадағы ірі сауда орны саналатын «Алтын Орда» базарының жұмысын талқылады.

Бұл базарда 5 мыңнан астам сауда нүктесі бар және оған күніне 50 мыңнан астам сатып алушы келеді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40%, бөлшек сауданың 70%-ын қамтиды. Мұнда отандық өнімдермен қоса, көршілес елдерден кірген өнімдер саудаланады.

«Күнделікті өнімнің үлкен ағынын ескере отырып, базарда аймақтық ауқымда бақыланбайтын олигополия құрылады. Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталды», делінген хабарламада.

Бұл заң бұзушылықтарбүгінде ішінара жойылған. Десе де, базар кәсіпкерлері тарапынан бизнес жүргізуде қолайсыз жағдайлар туындайтыны туралы шағымдар көбейген. Бұл өз кезегінде тауар бағасының негізсіз өсуіне алып келеді.

Осы мәселелерді шешу үшін Премьер-Министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін айтып, «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіруді тапсырды. Сонымен бірге бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау ұйымдастырып, оның аумағында барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылуын қадағалау үшін мобильдік топ құруға бұйырды. Ол мобильдік топ прокуратура, ішкі істер органдары, БҚДА, ҚМА және басқа да уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерлерінен құрылуы тиіс.

Сонымен қатар Алматы агломерациясында сауда ағындарын теңестіретін және «Алтын Орда» базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғаса түспек.

Сондай-ақ оқыңыз