Бюджет қаражаты ақталмады: сенаторлар экономикалық аймақтардың тиімділігіне күмән келтірді

Жарияланды

Сенатта арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі туралы мәселе көтерілді. Бүгін отырыста Палата депуттары «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағында еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылаған еді.

Жобаны депуттарға таныстырған  сенатор Әлібек Нәутиевтің айтуынша,  2018 жылы еркін кеден аймағының кедендік рәсімін қолдануды реттейтін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексінің қабылдануына байланысты келісімге өзгерістер енгізіліп отыр.

Депутат, осы Заң жобасында қарастырылған хаттамаға сәйкес ол Келісімнен кедендік құқықтық (рәсімдік, преференциялық) қатынастарды реттейтін  және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде бекітілген нормалар алынып тасталады.

«Еркін кеден аймағының, кедендік рәсімі қолданылатын Арнайы экономикалық аймақ аумағында, еркін кеден аймағының кедендік рәсімімен енгізілген шетелдік және Одақтың тауарлары орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес, тыйым салынған тауарларды қоспағанда, шетелдік және Одақтың өзге де тауарлары болуы мүмкін», деді Сенатор.

Заң жобасына қатысты сұрақ қойған сенатор Жанна Асанова Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, арнаулы экономикалық аумақтарға салынған бюджет қаражатының экономикалық қайтарымы жоқ екенін алға тартты.

«Мысалы, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларынан 2013-2020 жж салық түріндегі 16,3 млрд теңгені құрайтын қайтару көлемі бюджеттен жұмсалған қаражаттан 10 есе аз көлемде қалыптастыпты. Арнайы экономикалық аймақ аумағында 18,3 млрд теңге сомасында шығарылған өнімнің тек қана 2,1 млрд теңгелік көлемі ғана экспортқа жіберілді», деді сенатор.

Осыларды ескере келе Жанна Асанова ИИДМ өкіліне, Қазақстан үшін осы кедендік рәсімнің нақты қандай тауарларға қатысты пайдасы болуы мүмкін, оның экономикалық есептеулері бар ма, деп сауал қойды.

«Ұлттық экономиканы әртараптандыруға, экпортқа бағдарланған шикізаттық емес сектордың жаңа өндірістерін құруға осы енгізіліп жатқан түзетулер ықпалын тигізеді ма?», деп толықтырды сауалын Жанна Асанова   

Ал, сенатордың сауалына жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспановтың сөзінще, арнаулы экономикалық аймақтардың жалпы инфрақұрылымына 450 млрд теңге жұмсалды, өткен жылдың есептеріне сәйкес, оның 360 млрд теңгесі салық ретінде қайтарылды.

«Қазіргі сәтте шығарылған өнімнің сомасы 7 трлн теңгеден асады. Оның 450 млрд теңгесі экспортталған. Осы цифрға қарап, жалпы бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа салынған қаражатты ақтай бастады деуге болады», – деді Ілияс Оспанов.

Алайда, Ілияс Омаровтың бұл дәйегіне Сенат төрағасы қанағаттанбады. Ол Жанна Асанова көтерген  «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» АЭА-дағы ахуалға қайта тоқталды.

«Жоғары аудиторлық палата бізге ұсынған деректерге сәйкес, осы АЭА-ға соңғы жылдары мемлекет 162 млрд теңге салған. Бір арнаулы экономикалық аймаққа ғана. Ал 2013-2020 жылдары осы АЭА қатысушылары 16 млрд теңге салық төледі. Яғни, осы жылдардың ішінде мемлекет 162 млрд салды, салықтан 16 млрд теңге алды. Демек, мемлекет салған аталған соманың 10 пайызы ғана. Сіз бұл бастамасы, одан кейін нәтиже болады деп дәйек келтірерсіз. Бірақ, біз фактілерді қараймыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, аталған арнайы экономикалық аумаққа қомақты қаржы жұмсалғанымен, инфрақұрылымның 80 пайыздан астамы салынбаған.

«Тағы бір факт: оған салынған 100 пайыз инвестицияның 99,6 пайызы квазимемлекеттік сектор инвестициясы. Арнайы экономикалық аймақ шетелдік және жергілікті отандық инвестиция тарту үшін құрылады. Егер біз арнайы экономикалық аймақ құрып, осындай қомақты қаражат салсақ, салық түрінде тек 10 пайыз қайтарым алсақ, оның үстіне инвестиция квазимемлекеттік сектордікі болса, онда мұндай аймақтың қандай тиімділігі жайында айтуға болады?», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Квазимемлекеттік сектор арнаулы экономикалық аймаққа қаржы салмай-ақ, өзге өңірде кәсіпорын сала алар еді, деген Мәулен Әшімбаев арнаулы экономикалық аймақтарға қатысты қатаң әңгіме болуы тиіс, деп атап өтті.

«Қазір бұл тақырыпты пікірталасқа айналдырмай-ақ қояйық. Өзіміздің экономикалық комитетке өтініш жасаймын. 15 маусымда Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдаймыз. Бізге арнаулы экономикалық аймаққа қанша қаражат кеткені жайлы сұрақтар қоюға дәйекті, келісілген түрде дайындалу керек болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ оқыңыз