Испания Қазақстандағы қай салаларға инвестиция құяды?

Жарияланды

Испания Қазақстан экономикасына инвестиция салуға дайын. Олар негізінен үш салаға қызыуғышылық танытып отыр – машина жасау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару бағыты. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің 7-отырысында айтылды. «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы айтарлықтай өсіп, 2,5 млрд еуроны құраған.

«Елімізде испан бизнесімен бірлесіп әсіресе машина жасау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару саласын дамыту қызықты болып отыр. Испан компаниялары, бірінші кезекте, жабдықты жеткізу бойынша негізгі технологиялық серіктестеріміз болып саналады. Олар бізге технологиялық серіктес болу үшін келісім жасасып жатырмыз», дейді Қанат Шарлапаев.

Ол бірлесіп жұмыс істесу үшін испан инвесторларына қойылатын талаптар туралы да айтты.

«Испан инвесторларымен өзара іс-қимылдан мыналарды күтеміз: біріншісі – технологиялық сараптама, екіншісі – инвестордың өзі мәлімдеген салада жұмыс тәжірибесінің болуы, үшіншісі – өзінің қатысуы. Осы талаптар орындалған кезде ғана біз не борыштық капиталға, не акционерлік капиталға қатысуды, не экспорттық қаржыландыру шеңберінде қолдауды ұсынатын боламыз», дейді Қанат Шарлапаев.

Испания Сауда палатасының халықаралық ынтымақтастық бойынша директоры Хайме Монтальво Испания үшін Қазақстан маңызды ел деп санайды.

«Қазақстан мен Испанияның экономикалық қарым-қатынасы жақсы деңгейде. Елдер арасындағы тауар айналымы 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 4 есе артты. Қазақстандағы испаниялық компанияларда 9 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Қазақстан Испанияға халықтық тұтыну тауарларын жеткізу, газ және жаңғырмалы энергия көздері, тасымалдау және логистика саласында мүмкіндіктер ұсынып отыр. Қазақстан жасыл энергияға өтуге мүдделі. Мұны Үкімет те мәлімдеді. 2050 жылға таман сіздің елде энергияның тең жартысы жаңғырмалы энергия көздерінен алынбақ. Осыған байланысты аталған саладағы жаңа шешімдер тұрғысынан сіздерге қолдау білдіре аламыз», деді Хайме Монтальво.

Испания жұмыс берушілер ұйымдарының конфедерациясының Президенті Марта Бланко елдер арасындағы байланыстың тығыз дамуы үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз деген ой айтады.

«Осы ретте біз қос тарапқа да пайдалы салаларды анықтадық, бірқатарын атап өтер болсам, олар – транспорт бойынша интеграция, жаңғырмалы энергия көздері, өңдеу, қалдықтарды қайта өңдеу. Қазақстанда испан компанияларын қолдаудың тәуір шаралары бар. Бірақ сапалы жұмыс істеу үшін қойылатын талаптар бар. Ол ең бірінші кезекте реттеуші базаның ашық, болжамды, тұрақты болуы», деді Марта Бланко.

MAXAM компаниясының коммерциялық директоры Хосе Мария Касас өз бизнесінің тарихынан мысал келтіріп, шетелдік компанияларды қорықпай, Қазақстанға келуге шақырды.

«Мен Орталық Азияның көп елінде болдым. Қазақстан – компанияларға тиімді жұмыс істеуге жағдай жасайтын нақты реттеушілік базасы бар жалғыз ел. Мен көптеген испан компанияларын Қазақстанда жұмыс істеуге шақырамын. Өйткені бұл ел инвестиция үшін өте қолайлы», дейді ол.

Сауда және интеграция вице-министрі, Қазақстан-Испания үкімет аралық комиссиясының Қазақстан тарапынан төрағасы Қайрат Төребаев елдер арасындағы жалпы сауда айналымында отандық экспорттың үлесі басым екенін мәлімдеді.

«Біз 262 млн еуроның тауарын импорттадық. Сондықтан испандық сапалы өнімдерді импорттаудың үлкен резерві бар. Бұл ретте экспорт та өсуі тиіс. Қазақстан экспортының басты өнімі – мұнай. Испан кәсіпкерлерінің жеміс пен көкөністі өндіру, сақтау және үлестіру бойынша мол тәжірибесі бар. Инвестиция туралы айтуға әлі ерте. Былтыр испандықтар 20,7 млн долларға инвестиция жасады. Бізде негізінен дистрибуция, шағын сауда, автотранспорт бөлшектерінің саудасы саласында жұмыс істейтін 45 бірлескен кәсіпорын бар. Ал қазір испан инвестициясын фармацевтика, жеміс пен көкөніс өндірісіне және жоғары технологияларға тартқымыз келіп отыр», деді Қайрат Төребаев.

Оның айтуынша, өңірдегі геосаяси аспектінің жедел өзгеруіне байланысты көбі қазір Қазақстан сауда дәлізін орнатып тастады деп ойлай бастаған.

«Бірақ бұл дәліз өз әлеуетінің жартысын да пайдаланған жоқ. Сол себепті алдағы бірнеше жылда саудамызды өсіретін мүмкіндік бар. Қазақстанда көптеген табысты испан компаниялары жұмыс істейді, алайда солардың 45-і ғана АҚ және олардың саны өсуі тиіс. Бізде әлемдегі үздік инвестициялық климат қалыптасқан және Орталық Азияға түсетін инвестицияның 70 пайызы Қазақстанның еншісінде. Бұл жәй ғана сәттілік емес, бұл – үлкен еңбектің жемісі», деді Қайрат Төребаев.

Испания тарапынан Қазақстан-Испания үкімет аралық комиссиясының төрағасы Шиана Мендес елдер арасындағы ынтымақтастық жыл санап қарқын алып келе жатыр деп есептейді. Мысалы, 2022 жылы Испаниядан Қазақстанға экспорт 74 пайызға өскен. Бізге сатылған тауарлар – негізінен киім, машина және химиялық өнімдер.

« Испандық компаниялар Қазақстанға ЖЭК бойынша ынтымақтастықты ұсына алады. Бүгінгі кеңестің мақсаты – екіжақты сауданы ілгерілету, кедергілерді анықтап, оларды жою жолдарын белгілеу. Біз Қазақстанның экономикалық өсудегі әлеуетін көріп отырмыз. Сіздердің стратегияларыңыз орнықты құрылымдарға, заманауи технологиялар мен тәжірибеге бағытталған Тараптар қазірдің өзінде пандемияға дейінгі нәтижелерге қол жеткізді, ал екі елдің мемлекеттік органдары экономикалық байланыстарды белсенді дамытуға ықпал етуде. Біз экология, транспорт және гендерлік теңдік бойынша әріптестікті дамытып жатырмыз. Климаттың өзгеруімен күресудеміз. Әріптестік салық түсімінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. 2023 жылы өсім 5 пайыз болды және бұл өте жоғарғы экономикалық көрсеткіш», дейді.

Сондай-ақ оқыңыз