Жаңалықтар

Мемлекеттік күзет қызметі Назарбаевты қорғамайтын болды

ҚР Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев / Kursiv.media

«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған мекеме енді Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевты күзетпейтін болды.

Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереженің жаңа редакциясына берілген түсіндірме жазбада көрсетілгендей, мұндай өзгеріске – «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылуы себеп болған.

«Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ұйымдастыру және үйлестіру», деп жазылған 16-тармақтың күші жойылыпты.

«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Президенттің жарлығында:

«Жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереже осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын. 2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», делінген.

Құжат 14 маусымға дейін жария талқылауға шығарылған

Бұған дейін, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың көпшілік алдында ар-намысына тигендерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті алып тастау жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз. Бұл туралы Курсив тілшісінің сауалына Әділет министрлігі тарапынан берілген жауапта айтылған