Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,3%-ға өседі – Еуразиялық Даму банкі
Фото: kursiv.media
Еуразиялық даму банкінің 2023-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық шолуында Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,3%-ға, ал 2024 және 2025 жылдары 4,4%-ға өседі деп болжанған.
Ал қараша айында банк елдегі ЖІӨ өсім 2023 жылы 4,2% және 2024 жылы 4,4% деңгейінде болаы деп болжаған еді.
«Қазақстан экономикасының өсімі 2023 жылы 4,3%, ал 2024-2025 жылдары 4,4% болуы мүмкін. Экономикалық белсенділік экономиканы әртараптандыруға және инвестициялық әлеуетті нығайтуға, сондай-ақ өндірістік әлеуетті кеңейтуге бағытталған мемлекеттік бастамаларды іске асыру арқылы қолдау табады», деген еді ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.
Сонымен бірге қаржы институты Қазақстандағы инфляция 2023 жылы 7,9%-ға, 2024 және 2025 жылдары сәйкесінше 5,5%-ға және 4,1%-ға дейін баяулайды деп болжайды.
ЕАДБ болжамына сәйкес, Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап базалық мөлшерлемені кезең-кезеңмен төмендетуге кірісуі мүмкін, ал жыл соңына қарай 16,75%-дан 15%-ға дейін төмендету әлеуеті бар.
«Сыртқы сектор тарапынан инфляциялық қысым азайса, 2024 жылдың соңына қарай көрсеткіш 11-12%-ға дейін төмендеуі мүмкін», дейді ұйым өкілі.
Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,1%-ға өсті. Бұл ретте Қазақстан Президенті 2023 жылы Қазақстан экономикасының өсімін 4 пайыздан кем емес деңгейге жеткізу міндетін қойды. Ал 2022 жылы республикадағы инфляция 20,3%-ды құрады.
ЕАДБ – кейіннен Еуразиялық экономикалық одақ құрған ТМД-ға мүше кейбір елдер арасындағы экономикалық өсуді ынталандыру және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында құрылған халықаралық қаржы ұйымы. ЕАДБ акционерлері алты мемлекеттен тұрады. Олар – Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан.
Ұлттық Банк базалық мөлшелемені төртінші мәрте 16,75% деңгейінде белгіледі. Базалық мөлшерлеме соңғы рет 2022 жылдың желтоқсанында көтерілген еді.
Ал ҚНРДА Қазақстанда ЖІӨ шартты өсімінің төмендеу қаупі бар екенін ескерткен.