Сенат отырысында депутат Андрей Лукин елімізге Ресейден контарбандалық жолмен бидай тасымалданады деп мәлімдеді. Айтуынша, салдарынан мемлекетке 660 млн теңгеден астам залал келген.
«2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ресейден СҚО аумағына 450 мың тоннадан астам бидай әкелінген, олар Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ілеспе құжаттары бойынша астық қабылдау пункттеріне тапсырылған. Құжаттамалық рәсімнен кейін трейдерлер ол өнімді қазақстандық тауар ретінде елден тысқары жерге экспорттады», деді сенатор.
Оның дерегінше, Құқық қорғау органдары жалған құжаттар бойынша бидайды заңсыз әкелу схемасын растап отыр.
«Ресейден Қазақстанға әкелінген тауардан төленбеген қосымша құн салығы түріндегі мемлекетке алдын ала келген залал 660 млн теңгеден асты. Бұған себеп, Ресейден әкелінетін астық өнімдерін пайдалануды есепке алу және одан әрі бақылау жүйесі жоқ», – деді Андрей Лукин.
Сенатордың сөзінше, заңнамада экономикалық қылмыстарға қатысты анықтама беруде нақтылық жоқ.
«Қылмыстық заңнамада бір қылмыстық ниет үшін қылмыстық құқық бұзушылықтың екі түрі көзделіп отыр. Егер біреуінде тауарды тәркілесек, екіншісінде – қажетті төлемдерді төлегеннен кейін тауарды қайтаруға тура келеді. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында да осы қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілерінің нақты айырмашылығы жоқ. ТНВЭД кодын дұрыс көрсетпегені үшін біреуді контрабандист деп таниды, екіншісін «жалтарғаны» үшін айыптайды. Мұндай жағдайларда контрабанданы жалтарудан ажыратуға бағытталған түзетулер енгізу арқылы осы жағдайға заңнамалық араласудың шұғыл қажеттігі туындап отыр», – деді сенатор.
Сенатор осыған байланысты депутат «контрабанда» және «жалтару» қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін ажыратуды сұрап отыр. Сондай-аұ, ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыруды, сондай-ақ тауарларды көлеңкелі әкетудің жолын кесу жұмысын күшейту қажет деп есептейді.