80%-ы тозған Ақтаудағы құбыр жүйелерін жөндеуге 20 млрд теңге қажет

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ақтаудағы құбыр жүйелерінің 80%  тозған. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінң брифингінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.

Қаланың су, жылу, кәріз жүйелері толық жөндеуді талап етеді. Әкім кейбір нысандардың салынғаннан бері жөндеу көрмегенін айтты.

«Біз 2025 жылға қарай бұл мәселені мемлекет қолдауымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Осы жылдың өзінде бізге 20 млрд теңге керек. Бұл қаражат су құбырларын, жылу жүйесі мен кәріз жүйесінің құбырларын аусытыруға кетеді. Кезең-кезеңімен бұл жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бүгінгі күні республикалық бюджеттен 3.3 млрд теңге бөлінді. Мердігер де анықталды», дейді Нұрлан Ноғаев.

Жалпы 2025 жылға дейін қала құбырларын толық ауыстыру үшін 194 млрд теңге керек. Бұл өте үлкен соманың 70 пайызы республикалық бюджеттен алынса, 5 пайызы облыстық, 15 пайызы коммуналлдық мекеме есебінен қаржыландырылады.

«194 млрд теңге дегеніміз өте үлкен сом. Бірақ біз мұнда кейбір нысандардың салынғаннан бері жөнделмегенін ескеруіміз керек. Яғни кейбір құбырлар 1970 жылдан бері ауыспаған», дейді әкім.  

Нұрлан Ноғаев сонымен бірге 2026 жылға дейін Маңғыстау облысында 100 жоба жүзеге асырылып, 6000 жаңа жұмыс орны құрылатынын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз