Біздің алдымызда инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр – Ұлттық экономика министрі
Фото: kursiv.media
БҰл туралы Әлібек Қуантыров Мәжіліс депутаттарының алдында мәлім етті. Оның айтуынша, Үкімет инфляцияны 2 есе төмендету мақсатында жұмыстар атқарып жатыр.
«Өздеріңізге белгілі, осы жылдың сәуір айында жылдық инфляция 2022 жылғы 20,3%-дан 16,8%-ға дейін баяулады. Бірақ, бұнымен қанағаттанбастан, біздің алдымызда инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр және Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», деді министр.
Осы шараларды жүзеге асыру мақсатында бес бөлімнен тұратын арнайы бағдарлама дайындалған. Бағдарламаның бірінші бағыты өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру. Екіншісі – «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру. Үшіншісі – кірістер деңгейін арттыруды және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ететін жүйелі шараларды жүзеге асыру. Төртіншісі – бюджет есебінен жалақыны арттыру болса, бесіншісі – халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.
Бағдарлама негізінде 2023 жылы 6 мың дәрігердің орташа жалақысы және орта медициналық персоналдың орташа жалақысы, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкерінің орташа жалақысы ұлғайтылады.
Сонымен бірге инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес, таяудағы 5 жылда Үкімет алдына барлығы 125 млрд АҚШ долларына жуық көлемде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынын қамтамасыз ету міндеті қойылған. Соған байланысты 2029 жылдың соңына дейін отын-энергетика кешенінде 36 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, 120 жобаны іске асыру жоспарланған.
«Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнім өсімі 5%-ды құрады. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалады. Биыл 4,4 млн. адамға арттырылған әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етуге 4,6 трлн. теңге бөлінді. Жоғарыда аталған барлық шараларды орындағанымен, егер инфляцияны ауыздықтамасақ, күтілетін нәтижеге жете алмаймыз», деді Әлібек Қуантыров.
Жалпы, Үкімет осы бағдарлама аясында 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін 41,1%-ға жеткізуді жоспарлаған. Ал жалпы табыстардағы еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі 86,7%-ды құрайды деп күтілуде.
Сонымен бірге 2029 жылға қарай жыл сайын жұмысқа орналастырылатын азаматтардың саны 480 мың адамды құрайтын болады. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен халық үлесі 5%-ды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға түседі деп болжанып отыр.