Бизнеске кедергі келтіретін 10 мың талап жойылады – Қуантыров

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2024 жылдан бастап бизнеске кедергі келтіретін 10 мың талап алынады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров хабарлады.

Министр Қазақстанда шағын және орта бизнестің үлесі едәуір артқанын атап өтті.

«Экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 36,5%. Қазір 4,1 млн адам шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүр. Былтыр бұл көрсеткіш 200 мың адамға аз болған. Үкімет оларға тікелей қаражат бөліп қана қоймай, бизнеске мүмкіндіктер жасауды жүзеге асырады», – деді министр Мәжілісте өткен жиыннан кейін.

Әлібек Қуантыров бизнеске кедергі келтіретін талаптар алынатынын айтты.

«10 мыңнан аса керек емес талапты бизнестен алып тастап отырмыз. Тиісті заң жобасы әзірленді. Келесі жылдан бастап керексіз талаптар қолданылмайды. Мемлекеттік органдар талаптар реестрде болмаса, ешқандай инспекция жүргізе алмайды», – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте AMANAT фракциясы «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасының» кешенді жоспарын талқылады.

Сондай-ақ оқыңыз