Мамыр айында ФАО азық-түлік бағасы индексі төмендеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Әлемдік азық-түлік нарығында бидай, жүгері мен өсімдік майы арзандап, есесіне күріш, қант және ет бағасы қымбаттап жатыр. Осы себепті БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) азық-түлік бағасы индексі төмендеді.

Ең көп сатылатын азық-түлік тауарларының әлемдік нарық бағасындағы ай сайынғы өзгерісті бақылайтын ФАО азық-түлік бағасы индексі мамырда сәуір айымен салыстырғанда 2,6 пайызға төмендеген.

Өткен айда әсіресе бидай, жүгері бағасы арзандаған. Оған импорт сұранысының төмендеуі де, биыл астық бітік шығады деген болжам да әсер етті. Жүгері бағасы 9,8 пайыз арзандаса, бидай бағасы 3,5 пайыз төмендеген.

Есесіне күріш бағасы қымбаттап барады. Оған Азиядан сатып алу, Вьетнам мен Пәкістан сияқты кейбір экспорттаушы елдердің экспортты қысқартуы себеп.

ФАО өсімдік майы бағасының индексі мамырда 8,7 пайызға төмендеп, былтырмен салыстырғанда орта есеппен 48,2 пайызға төмендеді.

«Соя майының жаһандық бағасы Бразилиядағы сояның мол өнімі мен Америка Құрама Штаттарындағы қорлардың күтілгеннен жоғары болуына байланысты қатарынан алтыншы ай бойы төмендеді. Рапс пен күнбағыс майының бағасы жаһандық жеткізілімдердің жеткілікті болуына байланысты төмендеуін жалғастырды», делінген хабарламада.

ФАО сүт өнімдері бағасының индексі сәуір айымен салыстырғанда 3,2 пайызға төмендеді. Бұл негізінен солтүстік жарты шарда маусымдық жоғары сүт өндірісі кезіндегі экспорттың артуына байланысты. Дегенмен, құрғақ сүт баға белгіленімі сары май сияқты қалпына келген.

Қант бағасының индексі төртінші ай қатарынан көтеріліп келеді. Бұл сәуірдегі көрсеткіштен 5,5 пайызға артық болса, бір жыл бұрынғы бағадан 31 пайыз дерлік жоғары. Бұл секіріс жаһандық қорлар қысқарып, жеткізілімнің кешігуімен байланысты.

ФАО ет бағасының индексі де мамыр айында 1 пайызға көтерілді, бұл ең алдымен Азиядағы импортталатын құс етіне тұрақты күшті сұраныс пен Америка Құрама Штаттарында сиыр еті жетіспеуімен байланысты.

Ұлттық статистика деректері бойынша, Қазақстанда 2023 жылдың мамыр айында баға жылдық мәнде 15,9%-ға өскен. Бұл сәуірге қарағанда 0,9 проценттік пунктке аз. Мұндай төмендеу соңғы үш айда байқалған.


Сондай-ақ оқыңыз