АҚШ Сенаты мемлекеттік қарыз шегі туралы заң жобасын мақұлдады
АҚШ Сенаты көпшілік дауыспен мемлекеттік қарыз шегі туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы америкалық БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарлайды.
АҚШ президенті Джо Байден мен Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти арасындағы келіссөз нәтижесінде әзірленген заң жобасына 63 сенатор дауыс беріп, 36-сы қарсы шықты.
«Бұл заң жобасын қабылдау арқылы біз бүгін түнде дефолттан құтыламыз. Америка енді терең тыныстай берсе болады», – деді Сенаттағы көпшілік лидері, демократ Чак Шумер.
Cенатордың айтуынша, «Әу бастағы басты мақсат- дефолтқа жол бермеу еді. Дефолттың салдары аса қиын» болады.
Енді құжат Ақ үй басшысына қол қоюға жіберіледі.
Бұған дейін АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен егер Конгресс мемлекеттік қарыз шегін көтермесе, ведомствосының ресурстары 5 маусымға дейін таусылатынын айтқан еді. Бұл мемлекеттік қарыз бойынша дефолт қаупін төндіруі мүмкін.
22 мамырда Джо Байден АҚШ дефолтқа жол бермейтінін мәлімдеді.
Байден мен Маккарти мемлекеттік қарыз лимиті туралы келісімге келгені жайлы 28 мамырда белгілі болды. Президент Джо Байден мен АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти қазіргі кезде 31,4 трлн доллардан асқан мемлекеттік қарыз шегін көтеру туралы келісімге келген.