Сара Назарбаеваның архивін, мұражайын құруға міндеттеме алған Ұлттық институттың атауы өзгереді

Жарияланды
Сара Назарбаева / Бөбек орталығы

«Адамның үйлесімді дамуы Ұлттық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының атауын «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта атау туралы Үкімет басшысының қаулысы жария талқылауға шығарылды.

«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының атауы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта аталсын», делінген Қаулы жобасында.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың реестріндегі аталған инстиутқа тиесілі құжаттарға сәйкес, оның жалғыз құрылтайшысы бұры нғы Білім және ғылым министрлігі. «Адамның үйлесімді дамуы Ұлттық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы қаласының Әділет департаментінде 2020 жылғы 29 қазанда, яғни Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң, бір жылдан аса уақыттан кейін қайта тіркеуден өткен.

Қаржы министрлігі, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Төрағасының 2020 жылғы 8 қыркүйекте бекіткен Жарғысына сәйкес:

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім бағдарламасының нәтижелерін білім берудің барлық деңгейінде практикаға енгізу бойынша ғылыми-зерттеу, білім беру және практикалық қызмет, «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім бағдарламасының миссиясын іске асыру – қоғамның
орнықты дамуы үшін жалпы адамзаттық, ұлттық құндылықтар мен идеалдар негізінде Қазақстан Республикасының өскелең ұрпағын дамыту Қоғам кызметінің негізгі нысынасы болып табылады», делінген.

Сонымен қатар, құжатта Қоғам қызметіне:

«С. А. Назарбаеваның архивін, мұражайын құру, С.А. Назарбаевамен байланысты оқу залдарының, материалдарды тыңдау мен карау залдарының қызметі», кіретіні жазылған.

Ашық НҚА жарияланған Үкімет басшысының Қаулы жобасында «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жарғысына өзгеріс енгізілетіні туралы айтылмаған.

Еске саламыз, 2022 жылы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы заң жүзінде өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Президент ретіндегі өкілеттігін 2019 жылдың 19 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізген еді.

Биыл қаңтар айында «Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күшін жойды. Мұндай шешімді ҚР Конституциялық соты қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз