Жаңалықтар

«Тау-Кен Самұрық» пен ЕҚДБ Еуропаға металл жеткізуді ұлғайтуға уағдаласты

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ мен ЕҚДБ меморандум жасасты /«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ баспасөз қызметі

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Еуропалық комиссияның қатысуымен Өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, бұл құжат тараптардың тау-кен секторын жаңғырту әрі оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі күш-жігерді шоғырландыруға бағытталған.

Келісім-шарт аясындағы ынтымақтастық барысында декарбонизацияға және жасыл экономикаға көшуге, отандық тау-кен секторының техникалық және инновациялық дамуын ынталандыруға, оның ішінде жетекші әлемдік технологияларды енгізуге баса назар аударылатын болады.

«Ынтымақтастықтың мәні – Қазақстанның шикізат базасын кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу және еуропалық нарыққа аса маңызды металдарды жеткізуді ұлғайту», делінген хабарламада.