Жас жазушыларға 4 млн теңге – Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы табысталады

Жарияланды
Сыйақы
Фото: Shutterstock

Елімізде биыл тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету, ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталады.

Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  бұл туралы жас қаламгерлермен кездесу барысында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді.

«Мұндай бастамалар отандық әдебиетті дамыту үшін ғана емес, қазақ тіліндегі контентті көбейту үшін, әсіресе балалар әдебиеті саласындағы контентті көбейту үшін  қажет. Бүгінде министрлік театр өнеріне үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің мақсатымыз-отандық авторлардың қойылымдарының санын арттыру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жас драматургтер маңызды рөл атқаратынына сенімдімін»,– деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Президеттік әдеби сыйлық негізгі 4 номинация бойынша беріледі: «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті».

Басты шарт – Президенттік әдеби сыйлыққа ұсынылатын жұмыс осыған дейін халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған, тың туынды болуы керек. Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер үміткер бола алады. Өтінімдер 2023 жылғы 1 маусымнан 30 маусымға дейін, қағаз және электронды нұсқада қабылданады.

«Әр номинацияда жеңімпазға 4 млн теңге сыйақы және «Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом және төсбелгі беріледі», делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз