Жұмыссыз қалған мұнайшыларды басқа мекемеге жұмысқа шақырдық, олар бас тартты – Нұрлан Ноғаев
Фото: kursiv.media
Маңғыстау облысының әкімі Жаңаөзендегі «Берәлі» мұнайшылардың жағдайына тоқталды.
«Қазіргі таңда мұнай-газ саласында қызмет көрсететін немесе мердігерлік жұмыстарды атқаратын 192 компанияның 57-сі осындай жағдайға тап болды. Яғни тендерге қатысу барысында мекеме ұтылып, қызметті басқа мекемелер ұтып алған. Бұл 57 компанияның жұмыссыз қалған 3 мың адамды «Қазмұнайгаздағы» әріптестеріміз жеңімпаз компанияға ауыстырды. Жұмысшылардың ол жердегі еңбек шарты, жұмыс шарты, жалықысы қажетті деңгейде болады. Осындай шарттар қазіргі Жаңаөзенде отырған азаматтарға да ұсынылды. Тендерді жеңген мекеме штатына бару туралы ұсынысты олар қабылдамады. Мұнайшыларға көп ұсыныс жасалды және мемлекет пен «Қазмұнайгаз» тарапынан түрлі шаралар қарастырылып жатыр. Бірақ бас тартып отыр», деді әкім.
Атап айтқанда, бұл мәселені шешу үшін «Қазмұнайгаз» бен «Самұрық қазына» келісімшарт мерзімін бір жылдан ұзақ мерзімге ауыстыру мәселесі қарастырылған. Нәтижесінде биылдан бастап аталған қызметті орындау үшін келісімшарт 3 жылға жасалады. Ал міндеттемелерді орындап үлгермеген жағдайда қосымша 1 жылға ұзартылады. Сонда келісімшарт мерзімі 4 жылға созылады. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін үш жылға 42 млрд теңге бөлінген.
Маңғыстау облысы әкімінің сөзінше, бұл өз кезегінде жұмысшыларға мекеменің материалдық техникалық базасын жоспарлы түрде жасақтауға, қаржылық өндірістік жоспарларын ескере отырып, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға жалақысын қажет жағдайда заңға сәйкес арттыру жөніндегі басқа да мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді.
Әкім «Мөлдір мұнай» сервис мекемесінде жылдың аяғына дейін жұмыс көлемі бар екенін, азаматтарға сол мекемеден жұмыс ұсынылғанын айтты. Бірақ мұнайшылар оған барудан бас тартқаны себепті, ондағы штатты басқа жұмыссыз азаматтармен қамтуды жағы ойластырылып жатыр.
«Бізде ресми түрде тіркелген 17 мың жұмыссыз бар. Оның 9 мың осы Жаңаөзеннен. Тоғыз мың адам кезекте, жұмыс күтіп жүр. Бұл орайда біреулерді шетке ысырып қойып, екіншілерінің ғана мәселесін шешуді әділетсіз деп санаймын. Өйткені жұмыссыз жүрген азаматтардың жұмыс істеуге құқы бар. Мен мынаны айтқым келеді, «Берәлі» мұнайшылары әділдікті қалаймыз дейді. Ендеше олардан соңына дейін әділ болуды сұрар едім. Сол себепті де «Қазмұнайгаз» сол жұмыс күтіп жүрген азаматтардың ішінен штатқа адам алмақшы. «Берәлі» жұмысшыларын ешкім күтіп отырмайды. Өйткені өндіріс жұмыстары тоқтап қалмау керек», дейді әкім.
Жаңаөзендік мұнайшылар сонымен бірге бұл мекеменің матриалдық техникалық базасы нашар, еңбек қауіпсіздігі талаптарға сай келмейтіндігін айтып,талап қойған. Бірақ әкім қазіргі таңда барлық мекемелердегі өндірістік қауіпсіздік мәселесі қадағаланатынын, мұнайшылардың жұмыс істеуіне толық жағдай жасалғанын айтты.
10 сәуірде Жаңаөзеннен келген 100-ге тарта жұмысшы ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналып, өз талаптарын айты. Мұнайшылар лайықты жалақы, әлеуметтік пакет сақталатын тұрақты жұмыс сұраған.