Қазақстан инвестиция үшін Орталық Азиядағы ең тартымды аймақ – сарапшылар
Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін әділ және ашық ойын ережесі қалыптасып жатыр. Қазақстан – Испания іскери сала өкілдерінің қатысуымен өткен жиында сарапшылар осындай пікір білдірді. Қазір елімізде жаңа салық кодексін әзірлеу жұмысы жүріп жатыр. Ол инвесторларды тұрақты салық режімімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ал, Испания Қазақстанды негізгі әріптестік тұрғысынан да, транзиттік ел тұрғысынан да маңызды санайды. Қазақстан-Испания үкімет аралық комиссиясының төрағасы Шиана Мендестің айтуынша, Еуропа және Азия логистикалық дәлізі аясында Қытай сияқты елдерге шығу үшін Қазақстан өте маңызды нарық болмақ.
«Қазақстан тұрақты даму, экспортты әртараптандыру үшін құндылықтар жасау ісінде транзиттік ел және Испания үшін негізгі бағыт, платформа ретінде әрекет етеді. Өз кезегінде испандық компаниялар осы қатынастарды жақсарту үшін жоғары технологиялық жабдықты ұсына алады. Сонымен қатар испан бизнесі тарапынан Қазақстанда «жасыл» энергетикаға және сутекті пайдалану, су тазарту құрылыстарын жаңғырту, пайдалы қазбаларды аэрогеофизикалық анықтау, орман өрттерін әуеден сөндіруге деген қызығушылық артып келе жатыр», дейді ол.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төрабевтың айтуынша, Испанияның жаңа технологиялары бізге үлкен көмек болмақ.
«Қазақстанның басым бөлігі – құрғақ, сол себепті суды үнемдеу керек. Оларда су жинақтаушы технология, суды тазалаушы технология бар. Соңғы бірнеше жылда суды тазалау технологиясы белсенді талқыланып келеді. Испандықтар бізге жақсы шешімдер ұсынып отыр. Тек қиындық тудырып тұрған бір жағдай – бізде осымен айналысатын бірыңғай органның болмауы», деді Қайрат Төребаев.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Райымбек Баталов шетелдік инвесторлардың елімізде еркін жұмыс істеу үшін жайлы өзгерістер жасалып жатқанын жеткізді.
«Шетелдік инвесторлар үшін біз әрдайым ашықпыз. Бұл ретте сервистік салық моделіне көшу мәселесі қарастырылып жатқанын айта кетейін. Екіншіден, сот реформасы қайта қаралып жатыр. Сот және елдің инвестициялық тартымдылығы бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Сот жүйесін қайта қарау бойынша шаралар жүзеге асырылып жатыр. Сот жүйесін жаңғыртумен бірге құқықтық реформа да жүргізіледі. Бизнес үшін бұл өте маңызды. Үкіметпен бірлесіп интерактивті инвестициялық карта, инвесторлар мен инвестжобалардың цифрлық реестрі құрылды. Мұндай тәсіл инвестиция тарту ісінде үлкен көмегін тигізеді деп сенемін», деді Райымбек Баталов.
Ұлттық палата басшысы өңірлерде инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша іргелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
«Әр өңірдің инвестициялық тартымдылығы бар және біз жергілікті атқарушы органдармен, Үкіметпен, бизнеспен бірлесе отырып аталған тартымды саланы одан әрі өзекті ете түсеміз. Әсіресе, шикізат секторында және тау-кен металлургия кластерінде нақты инвестициялық ұсыныстар дайындаймыз. Қайда сапалы инвестиция болса сол жерде халықаралық стандартқа сай ашық ақпарат болуы керек екенін жақсы түсінеміз. Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Қазақстан тек Еуропа үшін емес, Қытай үшін де азық-түлік фабрикасы бола алатын үлкен әлеуетке ие. Әрине, көлік пен логистика барлығын қызықтырады және бұл біз үшін өте маңызды, өйткені біз транзиттік елміз. Бұл бағыттағы инвестицияның да өте қызықты болары сөзсіз», деп түйіндеді Райымбек Баталов.
«Қаржы құралдары және бизнес үшін мүмкіндіктер» панелдік сессиясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов инвестициялық мүмкіндіктер және мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.
«Қазақстан инвестиция үшін Орталық Азиядағы ең тартымды орын болып есептеледі. Соңғы отыз жылда Қазақстан 417 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бұл – өңірдегі ең үлкен көлем. Былтыр еліміз 28 млрд доллар инвестиция тартты. Бұл да соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш болып саналады. Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуының, ірі көршілес нарықтарға тікелей шығу мүмкіндігінің, қолайлы іскерлік ортаның болуының, қолжетімді және білікті жұмыс күшінің және мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларының арқасында біз осы жетістікке жеттік. Қазақстан халықаралық инвесторларды тартудың мүмкіндіктерін қарастыруды жалғастырады», дейді ұлттық компания басшысы.
Жалпы, Еуропалық одақ экономикалық өзара іс-қимыл тұрғысынан Қазақстанның ең ірі серіктестерінің бірі болса, ал Испания осы ынтымақтастық аясындағы маңызды серіктестердің бірі болып саналады. Сондықтан тараптар екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың жақын уақытта жаңа деңгейге көтерілетініне сенімді.