Алматы облысында мектеп 15 млн теңгеге сатылып кеткен

Жарияланды

Фото:

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектепті екі ай ішінде мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті.


«Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп болған. Кейінгі жылдары толық күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан спорт зал салынып, нысан пайдалануға берілді. Барлық ауыл баласы қуанып жүргенде, ауыл мектебін жекеге сатып жіберген. Оны әкімдіктен басқа кім сатады? Оны 15 миллион теңгеге сатқан. Прокуратураға «қайда қарап отырсыңдар?» деп айттық. Олар «сот шағымымызды қабылдамайды, шамамыз жетпейді» деп отыр», – деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Мақсат Толықбай құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұратынын айтып өтті. Сондай-ақ жағдайды бақылауға алуға сұрады.

«Сұмдық қой. Үлкен мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберген. Мұны қай әкімнің қалай сатқанын табу қиын емес. Барлығын біліп отырмыз. 2 ай уақыт береміз, қайтарыңыздар. Әйтпесе, фамилия бойынша соңына жетеміз», – деді Толықбай.

Сондай-ақ оқыңыз