Жаңалықтар

Қазақстанға Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті келеді

Фото: kursiv.media

Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті 7-9 маусым күндері Қазақстанға келеді. Бұл жайлы ИНТЕРФАКС агенттігі жазды, банктің баспасөз орталығына сілтеме жасап.

«ЕҚДБ президенті Одил Рено-Бассо 7-9 маусым аралығында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлермен, көпжақты қаржы институттарымен және шетелдік инвесторлармен кездесу үшін Қазақстанға келеді», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Үш күндік бағдарлама аясында ЕҚДБ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, Азия даму банкі, Халықаралық валюталық қор және Дүниежүзілік банк басшылығымен екіжақты кездесулер өткізеді.

ЕҚДБ президенті 2023 жылы 25 жылдығын атап өтетін Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысына тең төрағалық етпек. Сонымен қатар, Астана халықаралық форумына қатысып, «Жаһандық іскер әйелдер» кеңесінде сөз сөйлейді деп күтілуде.

«Осы оқиғалар контекстінде Одил Рено-Бассо цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, климаттың өзгеруіне бейімделуді жеделдету туралы және реформалар арқылы Қазақстандағы бизнес-ортаны одан әрі жақсарту мәселелеріне тоқталады. Сонымен бірге өңіраралық көлік байланысын және елдің экономикасын әртараптандыру жөнінде сөз қозғайды», делінген хабарламада.

Жалпы, ЕҚДБ Қазақстандағы 304 жобаға 10 миллиард доллардан астам инвестиция салған.

ЕҚДБ Қазақстан экономикасының өсуі 2023 жылы 3,5% және 2024 жылы 4% деңгейінде болады деп болжаған болатын.