Қытайлық UnionPay төлем жүйесінің дебеттік карталар нарығындағы үлесі ұлғайды
Фото: kursiv.media
Қытайдың UnionPay төлем жүйесінің дебеттік карталар нарығындағы үлесі артып, әлемдік тұтынуда Visa төлем жүйесінен де асып түсті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың UnionPay төлем жүйесі дебеттік карталар нарығының үлесі бойынша америкалық Visa-ны басып озды. Мұндай мәліметтерді Nilson Report агенттігі келтірген. Басылым келтірген статистикаға сенсек, 2022 жылы UnionPay жүйесіндегі дебеттік карталар бойынша транзакциялардың үлесі 40,03% болса, Visa бойынша – 38,78% болған. Ал MasterCard карталарының үлесі өз кезегінде 21,19%-ға дейін төмендеп, 18,5 проценттік пунктке түскен.
Бұл транзакциялар бойынша аударылған қаражат көлеміне келер болсақ, UnionPay картасымен жасалған транзакциялар 16,2 миллиард долларды құраса, Visa картасында 14,1 миллиард долларға транзакция жасалған. Ал меншікті дебеттік карталарды пайдалану арқылы жүзеге асырылған транзакциялардың үлесі UnionPay жүйесінде 75,12%, ал Visa-да – 63,91% құраған.
Сондай-ақ, 2011 жылдан бері Visa жүйесінде дебеттік карталар бойынша транзакциялардың үлесі 80%-дан 39,53%-ға дейін төмендеген. Ал UnionPay үлесі нөлден 38,68%-ға дейін өскен.
Сарапшылардың пікірінше, UnionPay-дің нарықтағы үлесінің артуы Азия-Тынық мұхиты аймағы экономикасының кеңеюімен байланысты. Бұған қоса, 2022 жылы Украинадағы соғыс салдарынан Visa мен MasterCard карталары Ресей нарығынан кеткен. Бұл UnionPay-тің Ресейдегі үлесінің аруына әсер еткен.
Дегенмен, Ресейдің Мир төлем жүйесі мен UnionPay төлем жүйелерінің карталарын кейбір елдерде пайдалануға шектеу қойылған. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Қытай ресейлік банктер шығарған UnionPay карталарынан шетелде қолма-қол ақша алуға шектеу қойды. Сарапшылар санкция салынған ресейлік банктер шығарған UnionPay карталарына да тыйым салынуы мүмкін екенін айтады. Бұл тыйым салынса, UnionPay-дің үлесі қашалықты өзгеретіні белгісіз.