Жаңалықтар

Шекарадағы 228 ауылда шетелдік ұялы операторлар жұмыс істеп тұр

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров шекарадағы ауылдарда шетелдік ұялы операторлардың жұмысын шектеу қажет екенін айтты. Себебі шекарадағы аудан мен ауылдарда шетелдік ұялы байланыс пен радио толқыны жұмыс істеп тұр.

Депутат шекарадағы ауылдар мен аудандардың дамуы президенттің жеке бақылауында екенін айтты.

«Қазақстанда шекарада орналасқан 50-ге жуық ауыл бар. Ол жерде жол, медицина, ұялы байланыс, су мәселесі әлі де өзекті. Кейбір ауылда медициналық пункт болса, фельдшер болмайды, ал кей ауылға жазда да, қыста да жету қиын. Ол жаққа жол жоқ. Жол болмаса, азаматтардың ол жақта тұруға құлқы болмайды», – деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, шекарада орналасқан ауылдарда шетелдік ұялы операторлары жұмыс істеп тұрғаны ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.

«Қытайды алайық. Зайсан, Марқакөл, Мақаншы, Алматы, Нарынқол маңында Қытайдың ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Ресейге жақын орналасқан ауылдарда сол елдің ұялы байланыс операторы істеп тұр. Бұл Қазақстанның тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселе. Осы мәселені қалай шешеміз? ШҚО-дағы Тарбағатай мен Зайсанда министрлік пен әкімдік бірігіп, ұялы операторларын қойып жатыр, ал басқа шекаралас аудандардағы мәселе де осындай. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет нақты іс-шаралар қабылдауы керек», – деді Ерлан Саиров.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәселе бірден шешілмейтінін айтты.

«Шекаралас ауылдардың деңгейі әртүрлі. Шығыста бір жағдай, солтүстікте бір жағдай, Ресей жақта басқа. Шекарадағы шекаралық заставаларды күшейту мен оның төңірегіндегі ауылдарды дамыту көзделіп отыр», – деді Қуантыров.

Сондай-ақ цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек шекарада радио толқындарды шектеу мүмкін емес екенін жеткізді.

«2019 жылы байланыс саласындағы өңірлік әкімшілік басшылары шекара арқылы радио ақпаратты таратудың максималды қашықтығы 15 шақырымға дейін деп бекітілді. Әкімдіктердің мәліметінше, Қазақстан шекарасында 770 ауыл орналасқан. Оның ішінде 228 ауылда шетелдік операторлардың байланыс сигналдары бар. Ол рас. Қолжетімді интернет жобасына сәйкес, біз 2024-2027 жылдары осы ауылдарға сапалы интернет тартуды көздеп отырмыз», – деді министрдің орынбасары.