Таиландта қайтыс болған қазақстандық азаматтар туыстарының қаржысымен елге жеткізіледі
Таиландта тағы бір қазақстандық суға кетіп қайтыс болды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
«Кеше біздің азамат қайтыс болды. Жас болған соң, әрине, үміт болды. Тай дәрігерлерімен сөйлестік. Осыдан екі күн бұрын жігіттің әке-шешесі Пхукет қаласына ұшып барды. 1 маусымда бізге аураханадан хабарласып, қазақстандық азаматтың ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскенін айтты», – деді Айбек Смадияров.
Айтуынша, бұл бірнеше күндегі екінші жағдай.
«Азаматтарымызға жергілікті билік суға түспеу туралы хабарласа, сол ережелерді сақтау қажет екенін айтқымыз келеді. 3 маусым күні сол жағажайда тағы бір азаматымыз суға батып кетті. Оны құтқарып үлгермедік», – деді СІМ ресми өкілі.
Екі азаматтың мәйіті туыстарының қаражаты есебінен жақын күндері Қазақстанға жеткізіледі.