Тоқаев ЕАЭО азаматтары кредит тарихына қатысты мәлімет алмасуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды

Жарияланды

Фото: pexels.com

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Бұл турады Ақордаға  хабарлайды.

Келісім 2021 жылдың желтоқсанында Мәскеуде қабылданып, ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленген.

Құжат несие есептерін трансшекаралық алмасу тәртібін және берілетін ақпарат тізбесін анықтайды. Мұндай ақпаратқа несие есебі туралы сұрау салу, несие тарихы субъектісінің келісімі, несие есебінің өзі, сондай-ақ несие тарихын даулауға байланысты құжаттар жатады.

Келісім шарттарына сәйкес, несие есептерін трансшекаралық алмасу тек қарыз алушының – жеке немесе заңды тұлғаның келісімімен жүзеге асады. Бұл ретте мұндай ақпарат тек несие алу немесе кейінгі мониторинг мақсатында ғана беріледі.

Қазақстанда екі несие бюро несие тарихын беруге уәкілетті: «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС.

26 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы»  Заң қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыз