Жетісу облысындағы спорт мектебінде 16 млн теңгеден астам қаражат «өлі жандарға» төленген
Фото: kursiv.media
Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Жетісу облысындағы «Өркен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз орталығы хабарлады.
«Тергеу барысында мекеме қызметкерлері 2015-2022 жылдар аралығында жұмысқа қабылданып, шын мәнінде еңбек қызметін нақты жүзеге асырмаған алты адамға жалақыны есептеу арқылы 16 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз аударғаны анықталды», деліген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жарияланбайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Бұл спорт саласына қатысты бірінші жағдай емес. Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 соты Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы Рүстем Байсейітов пен басқарманың өзге де қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар ақша жымқырды және аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иемденді деген айыппен кінәлі деп танылған болатын.