Алматы мен Ашхабад арасындағы әуе байланысы қайта жанданды
Фото: kursiv.media
«Түрікменстан» әуе компаниясы Алматы мен Ашхабад арасындағы рейстерді қайта бастады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті түрікмен тарапымен бірлесіп Қазақстан мен Түрікменстан арасында әуе қатынасын қалпына келтіру пысықтаған.
Осылайша, 2023 жылдың 2 маусымынан бастап «Түрікменстан» әуе компаниясы екі ел арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қайта бастады.
«Боинг – 737″ үлгісіндегі әуе кемелерінде жұма күндері аптасына 1 рейс жиілігімен Алматы-Ашхабад бағыты бойынша ұшады», делінген хабаламада.
Әуе қатынасын қалпына келтіру елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Бұған дейін Mavi Gök Aviation түрік әуе компаниясы Анталия – Астана – Анталия жаңа рейсін іске қосқан еді.
Халықаралық жолаушылар авиатасымалын дамыту үшін 2017 жылдан бері «Ашық аспан» режимі енгізілді. Нәтижесінде жыл сайын жаңа халықаралық маршрут ашылып жатыр. 2022 жылы 7 елге 10 жаңа әуе бағыты ашылды.
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жыл соңына дейін жаңа 9 халықаралық әуе рейсі ашылатынын хабарлаған. Ал АҚШ-қа тікелей әуе рейсі 2025 жылы ашылуы мүмкін.