Азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау маңызды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Жарияланды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл осы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Соның ішінде азаматтардың құқықтарын қайта қалпына келтіруге жәрдемдесу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Омбудсменнің айтуынша адам құқын қорғау кеңсесі мен оның өңірлердегі өкілдіктеріне осы уақыт аралығында азаматтардан 2 318 өтініш түсіп, тексерілген. Өңірлердегі жұмыс нәтижелі болу үшін Ұлттық превентивті механизм мүшелерінің құрамы жаңарған.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл балаларға арналған мекемелердегі қатыгездік әрекеттердің алдын алу мәселесін  ерекше назарда ұстайтынын атап өтті. Артур Ластаев балаларға арналған мекемелерге 213 рет барып, 800-ден астам ұсыным жасаған. Омбудсменнің бастамасымен азаптау фактілеріне қатысты тергеу амалдары басталып, құқық қорғау органдарына бірқатар арнайы ұсыным берілген.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

Кеше мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдап, Президент қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз