Шеттегі қазақтардың елге оңай кіруіне мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы іске қосылады

Жарияланды

Фото: ortcom.kz

2023 жылдың шілдесінен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңай кіру мүмкіндігіне ие болады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін біздің елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту» делінген ЕХӘҚМ таратқан хабарламада.

«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие.

«Ата жолы» картасының иегері:

  • медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету;
  • ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес ҚР аумағында жұмысқа орналасу;
  • Қазақстан аумағында Кәсіпкерлік кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
  • ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
  • «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;
  • Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады.

«Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды.

Бұдан басқа егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алған жағдайда оның картасы жарамсыз деп танылады.

«Ата жолы» картасының иегерлері еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өз бетінше таңдайды.

 Бұған дейі атажқртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдетіні хабарланған еді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. «Бір терезе» қағидаты бүгінде пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады.

Күшіне енген бұл тәртіпке Мемлекет басшысы 2023 жылдың 19 сәуірінде қол қойған. Қазіргі уақытта этникалық қазақтардан өтініш қабылдау Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан елдерінде пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Ал кейін өтінім қабылдау визасыз режимі бар елдердің елшіліктерінде де қабылдана бастайды.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 8 034 этникалық қазақ тарихи отанына келіп, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 115,1 мың этникалық қазақ оралған.

Сондай-ақ оқыңыз