ЕАЭО өнеркәсіптік интеграциялық жобаларға жыл сайын 20 млн доллар бөледі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Еуразиялық экономикалық комиссия жыл сайын өнеркәсіптік интеграциялық жобаларға Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінен 20 млн доллар бөліп отырады. Бұл жайлы ИНТЕРФАКС басылымы ЕЭК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Минскіде ЕЭК Министрінің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнес өкілдерімен және өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшыларымен жоспарланған жұмыс кездесулерінің бірінші сессиясы өтті. Сол жиында Одақтағы интеграциялық жобалар қалай қаржыландырылатыны айтылды.

«25 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мүше мемлекеттердің басшыларының келісімімен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа енгізілген өзгерістер нәтижесінде Еуразиялық экономикалық комиссия одақ бюджетінен өнеркәсіп саласындағы көпжақты интеграциялық жобаларды қаржыландыру бойынша жаңа өкілеттікке ие болды», деді ЕЭК-тің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян.

ЕЭК аясында қаржыландыру келесі жылдан жүзеге асырыла бастайды.

«Келесі жылдан бастап біз банктерге берілген несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің бір бөлігін субсидиялай аламыз. Бюджет арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін үлестік жарналардан қалыптасады және жылына шамамен 20 млн долларды құрайды. 5 жылда жалпы құны 1 млрд долларға дейінгі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді министр.

Қазіргі таңда жаңа механизмді іске қосу мақсатында кооперация жобаларын іріктеу және оларды жүзеге асыруға қаржылық көмек көрсету тәртібіне қатысты ережелер әзірленіп жатыр.

«Өнеркәсіптік кооперацияға қаржылық көмек көрсету бағдарламасы біздің елдеріміздің технологиялық дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпорындардың жаңа технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз етіп, жалпы еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ынталандыра түседі», деді Камалян.

Сондай-ақ оқыңыз