Қазақстанда қаржы пирамидасына алданғандар саны 3 есе артты
Фото: kursiv.media
Қазақстанда қаржы пирамидасының құрбандарының жалпы саны үш есе артқан.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша елімізде «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша 45 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,3%-ға аз.
Ал 2022 жылдың төрт айында елімізде мұндай 48 жағдай тіркелген. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салстырғанда 3,9 есе аз.
Өңірлер бойынша салыстыратын болсақ, Алматы қаласында «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бір жыл бұрын бұл қалада 4 оқиға тіркелген болса, осы жылы 7 жағдай, ал Шығыс Қазақстан облысында биыл 5 жағдай тіркелген болса, бір жыл бұрын 2 жағдай болған. Астанада биыл да, өткен жылы да 4 жағдай тіркелген. Алданғандар саны Абай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында көп. Бұл өңірлердің әрқайсысында қаржы пирамидасына қатысты 3 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
Сарапшылар қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары азаматтарды өз ұйымдарына инвестиция салуға тартудың түрлі жолдарын тапқанын айтады. Бұл орайда алаяқтар интернет-ресурстарын көп пайдаланады. Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі биылғы жылдың 3 айында Қазақстанда қаржылық пирамида белгілері бар 4 мыңға жуық сайт пен аккаунтты бұғаттады.
Қаржы пирамидаларынан келген залал 12,2 млрд теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1 есе артық. Оның ішінде жеке тұлғаларға келтірілген залал 12,1 млрд теңге болса, заңды тұлғаларға келітірлген залал үлесі 176,7 млн теңге.
Биыл қаржы пирамидаларын құрған 30 адам ұсталды. Ал бір жыл бұрын небары 2 адам ғана ұсталған. Бір қызығы, қылмыскерлердің көбісі жұмыссыз азаматтар. Атап айтқанда, 30 адамның 20-да нақты жұмысы болмаған. Олардың 3-і ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында 382 адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,3 есеге көп. Оның ішінде 11 жасқа дейінгі 6 бала, 16-17 жас аралығындағы 3 бала, 18-20 жас аралығындағы 9 адам, 21-29 жас аралығындағы 72 адам, 30-39 жас аралығындағы 120 адам, 40-49 жас аралығындағы 100 адам, 50-59 жас аралығындағы 54 адам., 60 жас және одан жоғары жастағы 18 адам алаяқтардың арбауына ұшыраған.
Зардап шеккендердің 71,5 пайызы, яғни 273-і әйелдер болса, 11 зейнеткер, 3-уі студент.