Қазақстан Қытайға 1 млн тоннаға дейін бидай экспорттауға ниетті
Фото: kursiv.media
Қазақстан экспорт көлемін арттыра отырып, Қытайға 1 миллион тоннаға дейін бидай жеткізуге ниетті. Бұл туралы Үкімет кулурарында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады.
«Қытайға миллион тоннаға дейін бидай экспорттауды жоспарлап отырмыз. Дәл Қытайға жөнелтілетін экспорт көлемін арттырамыз», – деді Қарашөкеев.
Ол Қазақстандағы бидайдың сапасы өте жақсы екенін, сондықтан қытайлық серіктестер бидай мен мен өзге дедәнді дақылдарды сатып алу көлемін арттыруға дайын екенін айтып өтті.
Қазақстандық бидайдың Қытайға экспорты коронавирус шектеулеріне байланысты 2021 жылы тоқтатылды. Жалпы алғанда, 2022/2023 маркентинг жылында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі 9-9,5 миллион тонна астық пен ұн экспорттауға ниетті екенін мәлімдеген.
Үкімет отырысында Қарашөкеев биылғы астық шығымы «жаман болмайтынын» айтты. Министрдің болжамы бойынша, биыл 16 млн тонна астық жиналмақ.
11 сәуірде АШМ Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салатын бұйрыққа қол қойған болатын. Ресейден автокөлікпен бидай тасымалына тыйым салынған соң, бидай бағасы шамамен 20 долларға қымбаттады. Сол кезде Қазақстан бидайы тоннасына 260 долларға бағаланды. Биайдың қымбаттауына Қытайға астық тасымалдайтын вагондардың жиі жөнелтіле бастауы да әсер еткен.