ҚМГ 2030 жылға қарай шикі газды алау етіп жағу көлемін нөлге дейін жеткізбек

Жарияланды
ҚМГ
Фото: КМГ

Бұл туралы «Атырау экология диалогы: Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» тақырыбындағы конференция барысында мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметі.

«Біз 2030 жылға қарай тұрақты алау жағу көлемін нөлге дейін жеткізуге міндеттеме алдық. Мәселен, қазір 2017 жылмен салыстырғанда шикі газды алау етіп жағу көлемі 89% төмендеді. Бұл көрсеткішке негізінен Ембімұнайгазда газ өңдеу қондырғысын пайдалануға беру арқылы жеттік», деді ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» компаниясының 2022-2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасы таныстырылды.

Оған сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) 2031 жылға дейін Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындарының қызметінде көмірқышқыл газы (СО2) шығарындысын 400 мың тоннадан астам мөлшерде қысқартады. Бұл – компанияның барлық еншілес ұйымы бойынша төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бірі (37%). Барлығы он жыл ішінде ҚМГ бүкіл компаниялар тобы бойынша СО2 шығарындысын 1,6 млн тоннаға қысқартуды жоспарлап отыр.

Ақпаратқа сәйкес, конференция барысында Атырау мұнай өңдеу зауытында отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту жоспары ұсынылды. Мәселен, кәсіпорын шығарындылары шаралар кешенінің, соның ішінде  пештерді техникалық қайта жарақтандыру мен қондырғылардағы техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру арқасында 2023-2027 жылдары 327,8 мың тонна СО2-ге азайту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, зауытта 2025 жылға дейін резервуарлардан көмірсутек буларының атмосферада булануын азайту үшін понтондар орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба көмірсутектердің булануын әр резервуардан 80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

АМӨЗ басшылығы сондай-ақ төрт технологиялық қондырғыда (зауыттағы ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көздері) автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу туралы айтып өтті. Мониторинг жүйесі пештер мен қазандықтардан түтін газдарының құрамындағы күкірт ангидриді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі оксиді бойынша талдау нәтижелерін автоматты режимде бақылаушы органдарға жіберіп отыратын болады.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Су ресурстарын басқару бағдарламасын қабылдайды. ҚМГ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, «ҚазМұнайГаз» зауыттарында суды қайта пайдалану пайызы 27% дейін өсті.

«2022 жылы ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында айналымды сумен жабдықтау жүйелерінде барлығы 451 млн текше метр су пайдаланылды. Оның үстіне, қазір су ресурстарын басқару бағдарламасын әзірлеп жатырмыз, онда әрбір кәсіпорын бойынша нақты іс-шаралар айқындалатын болады», деді Мырзағалиев.

Ал, АМӨЗ 2028 жылдың соңына дейін ағын суларды тазарту қондырғысын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба Жайық өзенінен су тұтыну көлемін 57%-ға азайтуға, сондай-ақ тазартылған ағын суды өндірісте қайта қолдану арқылы зауыттың сарқынды суды ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2028 жылға қарай өзеннен алынатын су көлемі жылына 7 млн тоннадан (2022 ж.) 3,9 млн тоннаға дейін төмендейді.

Сондай-ақ, ҚМГ «Ембімұнайгаз» АҚ жабдықтары үшін қазандық-пеш отынын қолдану көлемін төмендету арқылы оның тиімділігін арттыру жолдарын қарастырып жатыр. Бүгінде дайындық кезеңі аяқталды. Бұдан бөлек, «Ембімұнайгаз» 2027 жылы метанның ағып кетуін анықтау және жою технологиясын (LDAR) енгізуді жоспарлап отыр.

Конференцияда компания Атырау облысының әкімдігімен меморандумға қол қойды. Құжат бойынша үш жыл ішінде Атырау аумағында 10 мыңға дейін ағаш отырғызу жоспарда.

«ҚазМұнайГаз» атмосфераға бөлінетін заттарды басқару жөніндегі шаралардан бөлек шикі газды алау етіп жағуды азайтады, су ресурстарын қайта пайдалануды, сондай-ақ рекультивация жұмыстарын қолға алды.

Компания 2030 жылға қарай тұрақты алау жағу көлемін нөлге дейін жеткізуге міндеттеме алды. Қазірдің өзінде 2017 жылмен салыстырғанда шикі газды алау етіп жағу көлемі 89%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке негізінен Ембімұнайгазда газ өңдеу қондырғысын пайдалануға беру арқылы қол жеткізді.

Естеріңізге саламыз, Атырау ауа сапасы нашар қалалардың біріне жатады. 2023 жылы 3 сәуір күні Атырау мұнай өңдеу зауытында жанармай газына сұйықтықтың түсуі салдарынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінің жану режимінің бұзылу фактісі тіркелді. Сағат 10:32-де қысқа мерзімді түтіндеу болып, 10:47-де түтін толықтай сөндірілген.

Дәл сол күні сағат 10:59-да «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС полипропилен өндіру бойынша біріктірілген газ-химия кешенінде (IGCC) 220 кВ Л-2025 әуе желісіндегі қысқа тұйықталу салдарынан «KUS» ЖШС-нің ПГТЭС-да генерациялау қондырғыларының авариялық жағдай туған.

Елімізде ауаны ластау жөнінен І категорияға енетін компаниялар 2024 жылдан бастап кешенді экологиялық шешімдерді қолдана бастайтын болады. Бұл туралы Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті директоры Ақзан Ширанов мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз