Жаңалықтар

«Су болады»: Алтай Көлгінов Астанадағы су тапшылығына қатысты пікір білдірді

Алтай Көлгінов
Фото Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары, Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов бірнеше күннен бері ыстық су мен салқын судың жоқтығын айтып жатқан елордадағы кей аудан тұрғындарының шағымына пікір білдірді.

«Астанадағы кейбір аудандарда үйлерге су беруге қатысты мәселе бар. Бұл туралы біз білеміз. Әкімдік бұл мәселемен шұғылданып жатыр», – деді вице-премьер.
Журналист «Астанадағы су тапшылығына қай шенеунік жауап беруі керек?» деп сұрады.

Алтай Көлгінов мұны халық санының тез өсіп жатқанымен байланыстырды.

«Қалада халықтың саны тез өсіп жатыр. Мен Астананың әкімі ретінде 3,5 жыл жұмыс істедім. Осы уақытта шамамен 350 мың адам елордаға көшіп келді. Халықтың саны миграция және демография есебінен тез өсіп жатыр. Осыны ескеріп, мұндай мәселе болатынын білдік. 2020 жылы сорғы-сүзгі станциясын салдық. Қазір жоба аяқталған. Су болады. Сондықтан осы жобаны тез аяқтау керек. Әкімдік маусымда аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Тәулігіне 35 мың куб су беріледі», – деді Көлгінов.

Сондай-ақ ол өзі тұратын үйде су бар екенін айтты.
«Алматы ауданындағы көпқабатты үйде тұрамын», – деп түйіндеді Премьер-министрдің орынбасары.