Таңбаланбаған тауар сатқан кәсіпкерлерге 1,7 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін
Фото: kursiv.media
Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өзгеріс шағын, орта және ірі бизнеске қатысты болады. Таңбаланбаған тауар сатқан кәсіпкерлерге 345 мың теңгеден 1,7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
2021-2023 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын іске асыру мақсатында кодекске толықтыру енгізілмек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодектің 196-1 бабына таңбалау ережесін бұзғаны үшін алдымен ескерту берілмек, одан кейін айыппұл салынады. Бұрын кодексте мұндай норма болмаған.
Егер кәсіпкер бір жыл ішінде тағы заң бұзса, шағын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар, темекі бұйымдарын қоспағанда, тауарларды таңбалау және қадағалау қағидаларын бұзу:
- тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде тауарларды қабылдау-беру актілерін ресімдемей тауарларды беру;
- тауарларды белгіленген тәртіппен оларды айналымнан шығармай сату – ескертуге әкеледі.
Министрлік мәліметінше, тауарлардың таңбалануына мемлекеттік бақылау Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы ратификацияланған келісімнің10-бабының 4-тармағында регламенттелген. Келісімге 2018 жылы-ақ қол қойылып қойған.
Табиғи теріден жасалған бұйымдарды таңбалау Қазақстанда 2017 жылы басталды. Алкоголь өнімдерін таңбалау пилоттық жобасы 2019 жылдың 1 маусымында қолға алынған. 2020 жылдың 1 қазаннан темекі өнімдерін таңбалау басталды.
Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау жүйесі 2022 жылғы шілдеден бастап кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, қазіргі уақытта 90 атау дәрі-дәрмекке қолданылады.
2023 жылдың 1 сәуірінен тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат жоқ. Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау бір жыл бұрын толық іске қосылуы тиіс еді, бірақ кәсіпкерлер жаңа ережеге бейімделу үшін уақыт сұраған. Ол мерзім 1 сәуірде аяқталды.