«ҚазМұнайГаз» акцияларын халықаралық биржаларға орналастыруды жоспарлап отыр
Фото: kursiv.media
Бағалы қағаздары Kase мен AIX сауда нарығында саудаланатын «Қазмұнайгаз» компаниясы халықаралық биржаға шығу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова айтты.
«Қазмұнайгаздың» негізгі акцияларына «Самұрық-Қазына» иелік етеді. Компанияның 3% акциясы өткен жылы сатылды. Атап айтқанда 2022 жылдың 8 желтоқсанында компания бағалы қағаздары IPO-да сатыла бастады», деді компания өкілі.
Модератор компания бағалы қағаздары Kase мен AIX-те саудалана бастағанын айтып, алдағы уақытта халықаралық биржаларға да шығу жоспары туралы сұрады.
«Оның барлығы нарықтағы жағдайға және инвесторлардың сұранысына байланысты. Компаниямыз бұл мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Қазіргі таңда, халықаралық банктермен келіссөздер жүргізілуде, алдағы уақытта бұл диалог жалғасын табады», деп жауап берді Диана Арысова.
Сонымен бірге ҚМГ мұнай-химиялық өнімдер өндіруге көшкен. Атап айтқанда, мұнай-химия зауытында жыл сайын 500 мың тоннаға жуық полипропилен өндіріледі. Алдағы уақытта полиэтилен зауытын салуды жоспарлап отырған компанияның жоспарында бірнеше жасыл жобалар да бар.
«Компания даму үстінде. «Теңіз» бен «Қашаған» да жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Нарықта қиындықтарға қарамастан «ҚМГ» 2022 жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 2021 жылмен салыстырғанда табыс үлесі әлдеқайда жоғары. 2022 жылы дивидендтер көлемі 1 млрд долларды құрады. Сонымен бірге біз бірнеше жасыл жобаны жүзеге асырамыз. Біріншісі – Маңғыстаудағы 120 мегаваттық гибридті электростанция, екіншісі – 1 гигаваттық Жамбыл облысындағы жел станциясы. Соңғы жобаны француздық Total компаниясымен бірлесіп жүзеге асырамыз», дейді ҚМГ өкілі.
Диана Арсова мұнай тасымалына қатысты туындаған қиындықтардың біртіндеп шешіліп келе жатқанын, қазіргі таңда мұнай тасымалы үздіксіз жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Бүгінде біздің барлық кен орындарымыз шектеусіз жұмыс істеп келеді. Біз үшін КҚК негізгі экспорттық бағыт болып қала береді. Біздің компания басқа акционерлермен құбырдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек үш баламалы жол бар. 2022 жылы біздің компания жылына 1,5 млн тонна мұнайтасымалдау туралы келісімге қол қойды. Ол Ақтау – Баку – Джейхан транзиті арқылы тасымалданады. Ал екінші бағыт: Атырау – Самара – Достық. Бұл бағыт арқылы Германияға мұнай тасымалдаймыз. Бұл елге 20 мың тонналық бірінші партия мұнайды ақпан айында, екіншісін наурыз айында сәтті жеткіздік. Ал үшіншісі Атасу – Алашаңқай бағыты. Қазір белгілі бір шектеулер бар, бірақ алдағы уақтта құбырды кеңейту жоспарлануда», деді.