Дүниежілік банк әлем елдері экономикасының өсіміне қатысты болжамын жақсартты

Жарияланды

Дүниежүзілік банк 2023 жылға арналған әлемдік экономика өсім болжамын 2,1%-ға дейін жақсартты. Қаңтар айында болжам 1,7 пайыз болған.

«Жаһандық ЖІӨ-нің 2024 жылға өсу болжамы 2,7%-дан 2,4%-ға дейін төмендеді», – делінген Дүниежүзілік банктің «Global Economic Prospects баяндамасында.

Ұйымның Ресей экономикасына қатысты болжамы өзгерген жоқ: ДБ Ресейдің ЖІӨ-сі 2023 жылы 0,2%-ға төмендеп, келесі жылы 1,2%-ға өседі деп болжайды.

«Жаһандық экономиканың өсімі биыл екінші жартыжылдықта айтарлықтай баяулауы мүмкін және оның әлсіреуі 2024 жылы жалғасады», – делінген ДБ баяндамасында.

Ал банк саласындағы дағдарыс өршіп, ақша-несие саясаты тіптен қатаятын болса, экономиканың өсімі одан әрі баяулайды.

Әлемдік экономика COVID-19 пандемиясы, Украинадағы соғыс және инфляцияны бәсеңдетуге ұмтылған әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатын қатаңдатуына байланысты қиын жағдайда қалып отыр.

«Жаһандық экономикалық белсенділіктің жыл басында байқалған тұрақтылығы төмендеуі мүмкін», – делінген хабарламада. – Жыл басында бірқатар ірі экономиканың, соның ішінде Қытай мен АҚШ экономкасының өсім қарқыны біз күткеннен жоғары болды. Дегенмен, 2023 жыл қорытындысы бойынша жалпы жаһандық экономикалық белсенділік баяулайды».

АҚШ экономикасы 2023 жылдың соңына қарай 1,1 пайызға өсуі ықтимал. Дегемен ДБ 2024 жылға арналған болжамын 1,6 пайыздан 0,8 пайызға дейін төмендетті.

ДБ болжамына сәйкес, Еуроаймақ экономикасы биыл 0,4%, ал келесі жылы 1,3% өседі. Бұған дейін Еуроаймақ ЖІӨ-сі 2023 жылы өзгермейді және 2024 жылы 1% өседі деген болжам жасалған еді.

Биыл Қытай экономикасының өсу болжамы 4,3%-дан 5,6%-ға дейін жақсарғанымен, келесі жылы 5%-дан 4,6%-ға дейін төмендемек,

«Жаһандық инфляция тұрақты болды, бірақ экономикадағы сұраныс төмендеп, тауар бағасының өсуі әлсіреген сайын біртіндеп баяулайды», – делінген хабарламада.

Дегенмен, көптеген елде базалық инфляция қарқыны 2024 жылдан кейін де ковидке дейінгі деңгейден жоғары болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз