Ел бойынша Шымкент және Қостанай облысында балаларға арналған орталықтарды жабдықтандыру деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен. Соған байланысты бұл өңірлерде сәби өлімі де жоғары. Осы мәселені Мәжіліс отырысында депутат Берік Бейсенғалиев көтерді.
«Қостанай облысында Арқалық қаласында 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда сәби өлімі 40%-ға ұлғайған. Республика бойынша мың баланың 8,8%-ы қайтыс болады. Мұның негізгі себептері – денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық қамтамасыз етілуінің төмен деңгейі және білімді медициналық кадрлардың жетпеуі», – деді депутат Берік Бейсенғалиев.
Депутат денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан мәселені қалай шешуді жоспарлап отырғанын сұрады.
«Былтыр нәресте өлімі 9%-ға төмендеді. Биылғы үш айда 12%-ға төмендеп отыр. Алайда Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облысы, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш республикалық деңгейден едәуір жоғары. Былтыр осы өңірлерге министрліктің білікті мамандарын жіберіп, талдама жүргіздік. Нәресте өлімінің басты себебі – шала туғандық, әртүрлі туа біткен ақаулар, іштен біткен инфекциялық аурулар. Көбі әйелдердің денсаулығына байланысты. Сондықтан осы көрсеткішті өзгерту үшін барлық өңірде жүктілікті ертерек есепке алу бойынша (10 аптада) шаралар қабылданды. Барлық перинаталдық орталық, босандыратын ұйымдарды құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді 85%-дан 90%-ға жеткізу үшін бюджетті қарастырып, 3 жылға 40 млрд теңгеден астам қаражат қаралды», – деді Ажар Ғиният.
Айтуынша, Арқалық қаласындағы ауруханада республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«13 перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Соның бірі – Қостанай облысында салынады», – деді денсаулық сақтау министрі.