Газ жүргізуге бөлінген 8,9 млрд теңге игерілмей қалған: депутат негізгі үш себебін атады

Жарияланды

2015-2030 жылдарға арналған газ жүргізу схемасына сәйкес, 2030 жылға дейін газбен қамту 65%-ға жетуі керек. Осы жұмыс барысында газ тасымалдау жұмысын дамытуға жалға 103 млрд теңге бөлінген. Ұлттық қордан 85,8 млрд теңге, Үкімет резервінен 16,9 млрд теңге қарастырылған.

Алайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бөлінген қаражаттың бір бөлігі игерілмей қалғанын айтты.

«Жоғарғы есеп палатасының қорытындысына сәйкес, энергетика министрлігі бойынша 8,9 млрд теңге игерілмей қалды. Нәтижесінде 105 елді мекен, 3 қала газбен қамтылмады. Негізгі себебі – сот процестері, орындалған жұмыстың актісінің болмауы, сметалық құжаттарды өзгерту. Яғни, бұл министрлікте жүйелі жұмыстың жоқтығын және жауапты адамдарда жауапкершіліктің төмен екенін көрсетеді», – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевтен жыл сайын қайталанатын жұмысты жою үшін министрлік не істеп жатқанын сұрады.

«Осыған жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды ма?», – деп сұрады Жаңбыршин.

Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Жамбыл облысында 4,9 млрд теңге игерілмегенін айтты. Төрт жоба бойынша мердігермен сот талқылауы жүргізілген.

Айтуынша, Жетісу облысында 7 жоба, Ақтөбе облысында 4 жоба (1 млрд теңге) да сот талқылауына байланысты жұмыс тоқтап тұр. Ал игерілмеген қаражат 2023 жылғы бюджетке қосылған.

«Бұл жобаның бәрі үкімет бақылауында болады. Елді мекендерді газдандыру бойынша 2030 жылға дейін іске асатын 142 жоба бар. Оның ішінде былтыр 32 жоба іске асты. 43 елді мекен газға қосылды», – деді Сатқалиев.

Ол сондай-ақ министрлік жауапкершіліктен қашпайтынын, алайда мұндай жағдайда жергілікті және орталық атқарушы орган арасында бірлесе атқарылғанын айтып өтті.

Сондай-ақ оқыңыз