KAZ Minerals Тобы өзінің салық міндеттемелеріне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

Жарияланды (жаңартылды )

KAZ Minerals Тобы (құрамына «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС компаниясы кіреді) өзінің салық міндеттемелеріне қатысты жарияланған ақпаратқа орай түсініктеме береді.

Компания ақпаратына сәйкес, мәселенің мәні бойынша – 2023 жылы Алматы қаласы бойынша МКД төлем көзінен ұсталатын табыс салығына тексеру жүргізілді, оның барысында алынған қарыздар бойынша сыйақыдан 6 млрд теңге салық және 2 млрд теңге өсімпұл қосымша есептелді.

«Бұл ретте компания құрылған сәттен бастап дивидендтер төленбегенін атап өту керек. Сондықтан салықты қосымша есептеу дивидендтерге байланысты деген сөз шындыққа жанаспайды«, делінген хабарламада.

Ал, жоғарыда айтылған қарыз қаражат мемлекеттік Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына және республикалық Индустрияландыру картасына енген отандық тау-кен саласындағы ең ірі инвестициялық жоба – Ақтоғай тау-кен байыту кешенін салуға және кеңейтуге пайдаланылыпты. Құрылыс нәтижесінде кеніш, екі байыту фабрикасы, оксидті кенді қайта өңдеу кешені және тиісті инфрақұрылым нысандары іске қосылған.

«БАҚ-да айтылған қосымша салықтық есептеу салық төлеушінің 1994 жылғы 21 наурыздағы «Қосарланған салық салуды жою және кірістер мен мүлік құнының өсуіне салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Үкіметі арасында жасалған конвенцияның ережелерінде көзделген табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін қолдануға салық органдарының келіспеушілігінен туындап отыр», делінген компания мәлімдемесінде.

Бұл ретте ҚР Конституциясының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ел заңдарынан басымдығы бар екенін атап өткен жөн.

Конвенцияны қолдану кезінде салық төлеуші ретінде компания ҚР салық заңнамасының барлық талаптарын толық көлемде сақтады, деп санайды компания.

KAZ Minerals пікірінше, салық органдары компанияның ұстанымымен келіспей, ҚР Салық кодексінде көзделген мөлшерлемені қолданған. Ал, компания сыйақылардың төленетін сомаларын, қолданылатын мөлшерлемені және ұсталатын салық сомаларын толық көлемде декларациялады, қарыз берушіге төленген сомалардың бұрмалануына жол бермеді және салық міндеттемесінен жалтармады, ал барлық есептілікті танымал халықаралық аудиторлық ұйымдар растағанын мәлімдеп отыр.

«Біздің ойымызша, қарастырылып отырған мәселе тек қарыздар бойынша сыйақыларға салық салу әдіснамасына қатысты. Бұл жағдай салық заңнамасын жетілдіру, қайшылықтарды жою, сондай-ақ оны үздік халықаралық стандарттарға сай ету қажеттілігін көрсетіп отыр», делінген KAZ Minerals мәлімдемесінде.

Естеріңізге саламыз, Бас прокуратура KAZ Minerals – KAZ Minerals тобындағы «KAZ Minerals Aktogay» 8 млрд теңге салықтан жалтарғанын хабарлаған болатын. Алматы қаласының прокуратурасы талдау барысында, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС) салықты төмендету фактісін анықтаған.

KAZ Minerals (ҚАЗ Минералз) Тобы 2014 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында Топ Қазақстанда құрамында мыс бар шикізатты өндіріп, өңдейтін екі заманауи тау-кен байыту комбинатын (посткеңестік аумақтағы ең ірі) салды. Қызметкерлер саны 14 мың адамнан асады. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл қаражатты Топ халықаралық қаржы институттарынан қарыз ретінде алып, құрылысқа салды.  Кәсіпорындардың құрылысы кезінде мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдіктер мен артықшылықтар берілмеді. Топ акциялары Лондон, Гонконг және Қазақстан қор биржаларында ұзақ уақыт бойы айналымда болған жария ұйым ретінде жұмыс істеді. Топ құрамындағы компанияларға жыл сайын жетекші халықаралық сарапшылар аудит жүргізді.

Сондай-ақ оқыңыз