NCOC консорциумы Экология министрлігі салған айыппұлды сотта даулап жатыр
Фото: kursiv.media
Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы экологтардың 2,3 триллион теңге айыппұлын сот арқылы даулап жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне хабарлаған.
«Бізде былтырғы тексеру қорытындысы бойынша айыппұл салынған. Олар экологтар шешіміне келіспейміз деп, сотқа шағым түсірді. Қашаған операторының талап-арызына қатысты Соттың алғашқы сатысында Экология министрлігінің шешімі күшінде қалды. Сот отырысының екінші бөлігі осы аптада өтеді», – деді ол.
Министр министрлік «айыппұл сомасын белгілемегенін, олар әдістеме бойынша индикативті айыппұл сомасы есептелетін» түсіндірді.
«Болжамды сома 2,3 трлн теңгені құрайды, бірақ айыппұл сомасын сот белгілейді», – деп түсіндірді Сүлейменова.
Наурызда Атырау облысының экология департаменті Қашаған операторы «Болашақ» зауытының қоймаларында 1 миллион тоннадан астам күкіртті шектен тыс сақтағанын хабарлады. Экологтардың айтуынша, NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіледі, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылады.
Консорциумның басқарушы директоры Оливье Лазар БАҚ өкілдеріне NCOC « жұмысында ең қатаң экологиялық тәсілдерді ұстанатынын» хабарлады.
Қашаған кен орны соңғы онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның мұнай қоры 9 миллиардтан 13 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды.
Қашағанның операторы NCOC консорциумының акционерлері KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).