Жаңалықтар

Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысына қытайлық CNPC атсалысатын болады

Фото: Самұрық-Қазына

Бүгін Астанада Самұрық-Қазына мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) Қазақстанның мұнай-газ саласын бірге дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» бен «CNPC» корпорациясы «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырларының өткізу қабілетін реверс режимінде жылына 6 млн тоннаға, сондай-ақ «Кеңқияқ-Құмкөл» магистралін жылына 5 млн тоннаға бірлесіп кеңейтуді жоспарлап отыр. Тараптар алдын ала зерттеулер жүргізуге келісті.

«Сондай-ақ Шымкент МӨЗ өндірісін жылына 6 млн тоннаға ұлғайту жоспарда бар. Тараптар ресурстық базаға, өткізу нарығына және бизнес-модельге талдау жүргізуге келісті. Өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метр болатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салуға CNPC қатысуы да талқыланды», делінген компания таратқан хабарламада.

Осы мақсатта QazaqGaz бен CNPC бірлескен жұмыс тобын құрып, 31 желтоқсанға дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және жобаны қаржыландырудың алдын ала көздерін анықтау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, Қашағанда қуаты жылына 4 млрд текше метр болатын ГӨЗ салу туралы да келіссөз жүргізілді. Бұл мәселемен QazaqGaz бен CNPC бірлескен жұмыс тобы да айналысатын болады.

Қазақстан тарапынан келіссөздерді Қор басшысы Нұрлан Жақыпов, Қытай тарапынан – CNPC президенті Хоу Чицзюнь басқарды.

«Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамы 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді. Қор активі шамамен 69 млрд долларды құрайды.

Все права защищены. Используйте активную ссылку на