Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидпен кездесті

ЕҚЫҰ
Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысуға келгені үшін Хельга Шмидке алғыс айтты. ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін басым бағыт екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Сіз бастап келген ЕҚЫҰ делегациясы осы форумда көптеген түйткілді мәселелердің оң шешілуіне елеулі үлес қосады деп санаймын. Өкінішке қарай, қазір әлемде ондай проблемалар бар. ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін басым бағыт саналады. Бізді ұйымның рөлі туралы пікірлер қайшылығы алаңдатады. 2010 жылы Астанада өткен саммиттен кейін министерлер деңгейінде де, басқа форматта да бірде-бір ресми құжат қабылданған жоқ. Әрине, бұл – алаңдатарлық жайт. Біз ұйым аясындағы байланыстарды нығайту қажет екеніне бұрынғыдай кәміл сенеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – ЕҚЫҰ-ның белсенді мүшесі. Президент еліміздің ЕҚЫҰ-мен арадағы өзара тиімді серіктестік және ашықтық рухындағы тығыз қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға және осы ұйымның Бас хатшысы Хельга Шмидке жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Бүгін Астада «Astana Finance Days» конференциясы өтіп жатыр. Оған 70-тен астам елден 3000-ға жуық қатысушы келді. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы-экономика сарапшылары мен мамандары, әлеуетті инвесторлар, бизнес иелері, сонымен қатар ірі халықаралық банктердің, шетелдік қор нарықтарының, мұнай-газ компанияларының, криптобиржалардың басшылары бар. Олар әлемдік және қазақстандық қаржы салаларының өзекті мәселелерін, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылайды.

Бұған дейін Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сәрсенбі күнгі жұмыс кестесін жария еткен болатын.

Оған сәйкес, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдайды Кездесу барысында білім, ғылым, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, Президент Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездеседі Тараптар сауда-экономика, инвестиция салаларындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейту мәселелерін талқылайды.