Директорлар кеңесіне Қазақстандағы ең дәулетті адам – Владимир Ким мүшелік ететін KAZ Minerals тобындағы «KAZ Minerals Aktogay» 8 млрд теңге салықтан жалтарған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағанындай, Алматы қаласының прокуратурасы талдау барысында, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС) салықты төмендету фактісін анықтаған.
«Аталған компания жыл сайын KAZ Minerals Aktogay Finance Limited холдингтік компаниясына дивидендтер төлегені белгілі болды. Салық заңнамасының талаптарына сәйкес құн өсімінен түскен табыстар, дивидендтер, сыйақылар, роялти төлем көзінен 15% мөлшерлемесі бойынша салық салуға жатады. Алайда, салық есептілігін зерттеу, ЖШС жыл сайын 2018-2022 жылдар аралығында талап етілетін 15% -дың орнына 10% мөлшерлемесі бойынша салық ұстап, резидент емеске қатысты сыйақы төлегенін көрсетті», делінген хабарламада.
Прокуратураның талабы бойынша салық органы KAZ Minerals Aktogay қызметінде корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеудің дұрыстығын тексеру жүргізілді.
Нәтижесінде компанияға 8,2 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелді. Салық төлеуші көрсетілген соманы мемлекет кірісіне толық көлемде өтеген.
KAZ Minerals Aktogay – KAZ Minerals компаниялар тобына кіретін алты компанияның бірі.
KAZ Minerals – ТМД-да ірі көлемді, аз шығынды ашық үлгідегі кеніштерді игеруге бағытталған, даму әлеуеті жоғары мыс өндіруші компания. KAZ Minerals компаниясын толықтай Nova Resources BV компаниясы сатып алған. 2021 жылғы 11 мамырда Компания Лондон және Қазақстан қор биржаларының тізілімінен шығарылған.
Директорлар кеңесінің құрамында, компания Президенті, атқарушы емес директор Владимир Ким бар. Ол Forbes рейтингінде Қазақстандағы ең дәулетті адам ретінде 1-ші орында тұр. Байлығы 4,6 млрд долларға бағаланған.
Жақында, Владимир Кимге тиесілі «Kazakhmys» корпорациясы «Елбасы Қорына» тиесілі компанияның үлесін сатып алды.