Астанадағы су тапшылығы мәселесіне Тоқаев та назар аударды

Жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың сумен қамтамасыз етілу жағдайы туралы Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

«Әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдау тапсырылды»,- делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалыптасқан жағдай Президент Әкімшілігінің бақылауында болады.

Премьер-министрдің орынбасары, Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов бірнеше күннен бері ыстық су мен салқын судың жоқтығын айтып жатқан елордадағы кей аудан тұрғындарының шағымына пікір білдіріп, «су болады» деген еді. Алтай Көлгінов мұны халық санының тез өсіп жатқанымен байланыстырды.

«Қалада халықтың саны тез өсіп жатыр. Мен Астананың әкімі ретінде 3,5 жыл жұмыс істедім. Осы уақытта шамамен 350 мың адам елордаға көшіп келді. Халықтың саны миграция және демография есебінен тез өсіп жатыр. Осыны ескеріп, мұндай мәселе болатынын білдік. 2020 жылы сорғы-сүзгі станциясын салдық. Қазір жоба аяқталған. Су болады. Сондықтан осы жобаны тез аяқтау керек. Әкімдік маусымда аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Тәулігіне 35 мың куб су беріледі», – деді Көлгінов.

Сондай-ақ оқыңыз