Жаңалықтар

Жемқорлардан тәркіленген қаражат мектеп құрылысына бөліне бастады – Жамаубаев

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев/ Kursiv.media

Елімізде жемқорлардан тәркіленген қаражатқа 62 білім нысаны салынады. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мектеп құрылысына қаражат бөліне бастағанын айтты, деп хабарлайды Kursiv.kz.

«Республикалық бюджет комиссиясында 62 мектептің құрылысына 90 млрд теңгеге жуық қаражат белгіленді. Бұл былтырдан бері жиналған қаржы. Оқу-ағарту министрлігі ереже қабылдады. Сол ережеге сәйкес, біз қаражат бөлуді бастадық. Елімізде салынатын барлық мектептің саны – 62. Құрылыс қарқынына байланысты қалған қаражатты бөлуді жалғастырамыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін жемқорлардан тәркілеткен қаржыға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысында 62 мектеп салынатыны хабарланды. Сондай-ақ тізімде Астана қаласы да бар.
Оның ішінде Алматы облысында – 10, Жамбыл облысында – 6, Түркістан облысында – 9, Астанада 10 мектеп салынады.
Құрылысқа барлығы 96 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Ел үкіметі сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен ақшалай қаражатты мектептердің құрылысына беру механизмін бекіткен. Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды.

Ал, мамыр айының аяғында Оқу-ағарту министрлігі Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен салынатын немесе жөнделетін орта білім беру нысандарының тізімі бекітілді. Тізімге 62 нысан кірген. Оның ішінде 50-ге жуық жаңадан салынатын мектеп бар.