Алматы мен Ыстықкөл арасына жаңа жол салынады: қашықтық 5 есе қысқармақ
Сочиде Еуразиялық даму банкінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан Еуразиялық конгрес’23 барысында «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Самат Сағындықов Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын жаңа жол құрылысы басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Қазір Қазақстан мен Қырғызстан Алматы мен Ыстықкөл арасында балама жол салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Азия Даму Банкінің консультанттары жобаға заңдық, техникалық және қаржылық скрининг жасады. Егер жоба жүзеге асатын болса, онда Алматыдан Ыстықкөл өзеніне дейінгі жол 85 км-ге жуық қашықтықты құрайды. Қазіргі қашықтық – 460 км. Шамамен жоба құны 160 млн доллардан асып отыр. Ал туннель салу шығынын қоса есептесе 600 млн доллардан асып кетеді. Бірнеше елдің ресурсын біріктіре отырып трансшекаралық МЖӘ жобаларды жүзеге асыру жаңа өсім нүктесін табуға ынталандырады»,-дейді ол.
Оның сөзінше, жобаның жүзеге асуы Қазақстан азаматтары үшін үлкен тиімділік алып келмек: Ел тұрғындары әуелі жанар-жағармай мен уақытын үнемдейді және бұрынғыдай ұзақ жүріп көліктерін де шаршатпайтын болады.
Жаңа бағыттағы бір сапардың бағасы 2500 теңге деп белгіленген. Бірақ көлік түріне байланысты құн өзгеруі мүмкін. Жолдың негізгі бөлігіндегі жылдамдық – сағатына 150 км деп белгіленсе, таулы аймақтарда сағатына 30 км-ден асыруға болмайды.
Самат Сағындықовтың сөзінше, елімізде бүгінге дейін жалпы құны 5 млрд долларға жуықтайтын мыңнан астам МЖӘ келісімдері жасалды.
«Республикадағы ең ірі жобалардың бірі ретінде Үлкен Алматы айналма автожолын айтамыз. Жобаға ЕАДБ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі қаржы бөлген болатын. Биыл оның құрылысы аяқталды. Сарапшылардың болжамынша, жолды 40 мың автомобиль пайдаланады. Жоба аясында мониторинг жүргізудің интеллектуалды жүйесі енгізілді. Ол тәулік бойы жұмыс істейді және көліктердің бағытын, жылдамдығын, салмағын автоматты түрде анықтайды»,- деді.
Айтуынша, МЖӘ механизмі бойынша өзекті трансшекаралық жобалар транспорт, халықаралық сауда-саттық үшін трансшекаралық хаб, шекара арқылы өтетін көпір, туннель құрылысы, халықаралық логистикалық орталықтарды дамыту, энергетика, су үнемдеу және IT салаларында жүзеге асырылуы тиіс.
ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, трансшекаралық жобалардың ауқымы жоғары болатыны соншалық, түрлі халықаралық даму банктері күш біріктірмесе, жобаның табысқа жетуі екіталай.
«Бірде бір қаржы ұйымы, тіпті аса ірі ұйым болса да құны 5 млрд доллардан асатын гидроэлектр стансасын немесе құны 3 млрд долларды құрайтын транспорт дәлізін жалғыз өзі қаржыландырмайды. Сондықтан даму институттары мұндай жобалар үшін қаржы ресурстарын бірлесе бағыттауы тиіс»,- дейді ол.
Сондай-ақ ЕАДБ мен барлық қатысушы елдердің МЖӘ орталықтары арасында трансшекаралық МЖӘ жобаларды жоспарлауды бірлесе жүзеге асыруға, дайындық үшін институтционалдық механизм құруға бағытталған меморандумға қол қойылды.
ЕАДБ бас экономисті Евгений Винокуровтың айтуынша, трансшекаралық МЖӘ-нің басты үш критерийі бар, ол – трансшекаралық инфрақұрылым, екі немесе одан да көп мемлекеттің қатысуы және мәселенің заңдық қырын реттеп отыратын үкімет аралық келісімнің болуы.