Фото: Ақорда
Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана халықаралық форумында» айтты.
«Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартатпақ
«Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді. Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз», деп мәлімдеді Тоқаев.
Президент алдағы екі күнде өтетін конструктивті талқылау оңтайлы шешім қабылдауға және алдағы уақытта әріптестікке бағыттайтынына сенім білдірді.
«Сөз соңында маған мына жайтты еске салуға рұқсат етіңіздер. Мазмұнды әңгіме мен серіктестікке жол ашу үшін ашықтық, шыдамдылық және бірлік ауадай қажет. Мен осы форумға және әрқайсыңызға сәттілік тілеймін. Баршаңызға бүгін біздің қатарымызға қосылғандарыңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Талқылаулар сіздер үшін табысты болуына тілектестік білдіремін», деді ол.
«Астана халықаралық форумына» бірқатар үкіметі, дипломатия, бизнес және ғылыми топ өкілдері жиналды. Олардың қатарында Қатар Әмірі, Қырғызстан Президенті, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы, Өзбекстан Премьер-министрі бар.