«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Астанаға барып, жұмыс сұраған жаңаөзендік мұнайшылардың мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, мәселені шешудің 2 жолы бар.
«Менің ойымша, мәселені шешудің жолы оңай болуға тиіс. Біріншіден, олар жұмысқа шығуға келісуі керек. Екіншіден, біз басқа жұмысшыларды алуға мәжбүр боламыз», – деді басқарма төрағасы Астана халықаралық форумының кулуарында.
Мағзұм Мырзағалиев жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз айтарлықтай нәтиже бермегенін ашық айтты.
«Қателеспесем, шамамен 2 ай менің орынбасарым Жаңаөзенде жүрді. Күн сайын кездесулер болады. Өкінішке қарай, мақтаналарлықтай нәтиже жоқ. Бізге өндірістің тоқтап қалмауы маңызды. Себебі, скважиналарды жөндеу керек», – деді ол.
Журналистер одан мұнайшылар қандай талап қойғанын сұрады.
«Түсініксіз. Олар басында бізге жұмыс беріңдер деді. Жұмысты ұсындық. Енді олар бізді «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ға жұмысқа алыңдар деп отыр. Бұл әділетсіз болады. Себебі, Жаңаөзенде 9 мың адам жұмысқа тұруға кезекте тұр», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері «Жаздың соңына дейін мұнайшылармен келіссөз жүргізесіздер ме?» деп сауал қойды.
«Менің ойымша, біз жаздың соңына дейін күте алмаймыз. Бізге (мәселені) тезірек шешу керек. Диалог жүріп жатыр. Егер сіздер менен 19 сәуірде, яғни менің орынбасарым Жаңаөзенге барған кезде сұрасаңыздар мәселені 3-5 күнде шешеміз дер едім. Мен олардың 3 ай жалақысыз, жұмысқа неге шықпай отырғанын түсінбеймін. Мен Жаңаөзенде болдым. Маңғыстау облысына да барып тұрамын. Бүгінде онда құрамында 72 адам бар комиссия жұмыс істеп жатыр. 19 сәуірде олар жұмысын бастаған», – деді «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы.
Естеріңізге саламыз, сәуір айының басында жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға келіп, «ҚазМұнайГаз» ғимаратының алдында наразылық ұйымдастырған болатын. Сол уақыттан бері, наразы мұнайшылардың мәселесімен арнайы комиссия айналысып жатыр.