Алматы полициясы Оңтүстік Кореядан келген көліктерді заңсыз тіркеуге қою схемасын әшкереледі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, бұл тізбекте «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-ға қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан көлік алып келуді жолға қойған К. есімді азамат күдікті деп танылды.
Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиевтың мәліметінше, К. есімді азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен қылмыстық келісімге келіп, Қазақстан аумағында көлік құралдарын тіркеуге негіз болатын құжаттарға жалған мәліметтер енгізгені анықталды.
Осылайша, күдікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген алымдар, яғни 340 млн теңгеден астам соманы төлеуден жалтарған.
«Тергеудің осы кезеңінде 250 көліктің осындай қылмыстық тізбекпен алып келініп, тіркелгені анықталды», – деді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы.
Жанат Нұрғалиевтің дерегінше, Қылмыстық Кодекстің 385-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі Алматы қалалық ПД анықтау басқармасында тергеп жатыр.
Естеріңізге саламыз, Қазақстанда 23 қаңтардан бастап елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді есепке алу шарасы жүріп жатыр. Ол 2023 жылдың 1-шілдесіне дейін жалғасады.