Қазақстан KPO мен NCOC компанияларын сотқа беру арқылы пайда табуды көздеген жоқ – Энергетика министрі
Фото: Shutterstock
Қазақстан Қарашығанақ пен Қашаған мұнай-газ кен орындарының операторлары – KPO мен NCOC компанияларын сотқа бергенде, пайда табуды көздеген жоқ. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл – тараптар арасындағы қалыпты қарым-қатынас процесі.
Журналистер министрден «Бұл істе Қазақстан кен орны операторларынан қаржы өндіріп алуға ниеттеніп немесе дауды шешудің басқа да жолдарын қастырып отыр ма» деп сұраған.
«Бұл дау қандай да мақсатты көздегеннен туындаған жоқ. Бұл жер қойнауын пайдалану туралы келісімге қатысушы тараптар арасындағы қазіргі қалыпты қарым-қатынас процесі, басқа ештеңе де емес», – деді Сәтқалиев.
Сондай-ақ, ол қазіргі таңда сот процесі аясында «негізінен тараптардың заң кеңесшілері жұмыс істеп жатқанын» хабарлады.
«Заңгерлер тараптардың белгілі бір мәселеге қатысты ұстанымын білдіріп жатыр. Мұндай дау туындаса, оған себеп салмақты екенін түсіну керек. Олар кешенді түрде арбитраж арқылы шешуді талап етеді. Мұның бәрі негізгі келісім-шартта жазылған. Біз осы шарттарды ұстанамыз», – деді министр.
Сәуір айында Bloomberg агенттігі екі ірі мұнай кен орнын игерумен айналысып жатқан шетелдік компаниялар Қазақстан Үкіметімен соттасып жатқанын хабарлаған. Шағым сомасы миллардтаған долларды құрайды.
Басылымға ақпарат берген дереккөз мәліметінше, Қазақстан Үкіметі жобадағы серіктестер Қашаған үшін 13 миллиард доллар және Қарашығанақ үшін 3,5 миллиард доллар шығынды шегермеуі керек деген пікірде.
11 сәуір күні Үкімет кулуарында журналистер сауалына жауап берген министр Алмасадам Сәтқалиев ірі мұнай компанияларына қатысты шағым түсірілгенін растаған.
«Үкіметтің уәкілетті органы PSA компаниясы Қарашығанақ және Қашаған компанияларына қарсы халықаралық арбитражға шағым түсірді. Түсініктеме беруде шектелемін. Бір ғана айтарым, бұл сот істері қазақстандықтардың мүддесі үшін жасалған. Онда әрқайсы 3,5 және 13 миллиард доллардан бар», – деді Энергетика министрі.
Бұған дейін Энергетика министрлігі Қашаған (NCOC) мен Қарашығанақ (КПО) мұнай-газ кен орны операторларына қатысты дауды соттан тыс реттеуді де қарастыруы мүмкін екені хабарлаған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіруші кәсіпорын 295 кен орнын игеріп жатыр. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды үш ірі кен орнында көмірсутек өндірісі жалпы мұнайдың 60%-ын құрайды.
Қашаған кен орны кейінгі онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып саналады. Оның қоры 9 миллиардтан 13 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды.
Қашағанның операторы NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).
Қарашығанақ кен орны да – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Мұнай қоры 1,2 млрд тоннаны, газ қоры – 1,35 трлн текше метрді құрайды.
Қарашығанақ жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметі (ҚР) және Бритиш Газ (Шелл) (қатысу үлесі 29,25%), ENI (29,25%), Шеврон (18%), Лукойл (13,5%) компанияларының альянсы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (10% қатысу үлесі) арасында жасалған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) шеңберінде іске асырылады. Келісімге 1997 жылғы 18 қарашада 40 жыл мерзімге қол қойылды және ол 1998 жылғы 27 қаңтарда күшіне енді. ӨБТК шарттары бойынша Бритиш Газ және Аджип компаниялары жобаның бірыңғай операторы.